Биыл әлем чемпионаты АҚШ, Мексика және Канада стадиондарында өтеді
Футболдан әлем чемпионаты қарсаңында Лионель Месси, Криштиану Роналду, Килиан Мбаппе және Винисиус Жуниор – бәрі бірге алғаш рет жарнамаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жұлдызды төрттік бейнероликте LEGO текшелерінен әлем кубогын құрастырған. Ақыр соңында әрқайсысы кубоктың төбесіне өз мүсіншесін орнатуға тырысқан. Видео әлеуметтік желілерде лезде тарап, үлкен қызығушылық тудырды. Әсіресе, аниматор әр ойыншының қимыл-қозғалысы мен ишарасын дәл бейнелеген, бұл жанкүйерлердің жоғары бағасына ие болды. Желі қолданушылары «мен көрген ең қымбат жарнама», «бұған қанша миллион кетті екен», «не деген жарнама, не деген бюджет» деген пікірлер қалдырып жатыр.
Месси мен Мбаппе бұған дейін әлем чемпионы атанып үлгерсе, Роналду мен Винисиус биыл алғашқы кубогына қол жеткізуді көздеп отыр. 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Мексика және Канада стадиондарында өтеді
Жуық арада LEGO компаниясы осы төрт ойыншыға арналған эксклюзивті жинақтарын сатылымға шығармақ.