Қазақстандық спортшы Милад Карими әлем кубогында күміс медаль алды
Жарыс Әзербайжанда өтіп жатыр
Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Милад Карими Бакуде (Әзербайжан) өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде биіктен көрінді. Отандасымыз еркін жаттығудан жарыстың вице-чемпионы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
7 наурыз күні Баку төрінде алғашқы медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Милад Карими еркін жаттығу бойынша финалда бақ сынады:
Квалификация: Қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде ең үздік нәтиже көрсеткен болатын.
Шешуші кезеңде Милад 14,300 балл жинап, екінші орынға табан тіреді.
Жеңімпаздар: Алтын жүлде бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Беларусь өкілі Егор Шарамковқа (14,533 балл) ие болса, үздік үштікті хорватиялық Аурель Бенович (14,100 балл) түйіндеді.
Айта кетейік, Милад Карими 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол еркін жаттығудан әлемдік деңгейдегі мықты гимнасшылардың бірі.
Қазақстандық гимнасшы Бакудегі жарысын мұнымен аяқтамайды. Ертең, 8 наурыз күні, ол кермедегі жаттығу бойынша финалда өнер көрсетеді.