Олимпиада - 2026: көш басында тұрған АҚШ пен Норвегия өз спортшыларына бюджеттен қаражат бөле ме
Норвегияда спортшыларды ынталандырудың өзіндік жүйесі қалыптасқан
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жалпы есепте 19-орынға тұрақтады. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ұтып алып берген жалғыз алтын ел мерейін үстем етті. Алайда спортшыны жарысқа дайындауға бөлінген қаржы ашық айтылғаннан кейін қоғамда «Қазақстанға бұл жеңістің құны қаншаға түсті» деген сауал талқыланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Былтыр бюджеттен Михаил Шайдоровты дайындауға мемлекет 263 млн теңге бөлген. Сонымен қатар чемпионның жаттықтырушы мен өзінің жалақылары жария болды. 2025 жылы Шайдоров 33 989 000 теңге жалақы, жеке бапкері Алексей Урманов 26 млн теңге жалақы, хореограф И.В. Регина 23 миллион теңге жалақы алған. Елге келген соң Михаил Шайдоров олимпиаданың алтын медалі үшін 250 мың доллар (шамамен 123,7 миллион теңге) көлемінде сыйақы алады. «Жалғыз чемпионымыздың баспанасы мен көлігі дайын» деп күтіп отырған жеке демеушілер де бар. Енді қоғамды толғандырған сұраққа оралайық. Қысқы олимпидада көштің алдын бермейтін скандинавия елдері, АҚШ мемлекеті спортшыларын бюджет қаржысына дайындай ма? Оларда жүйе қандай?
Қысқы спорттың алпауыттары 18 алтынмен көш басында тұрған Норвегия да, 8 алтын алған Швеция спортшыларына да алған медальдары үшін ешқандай тікелей ақшалай сыйлықтар бермейді.
Норвегияда спортшыларды ынталандырудың өзіндік жүйесі қалыптасқан. Мемлекет Олимпиада жеңімпаздарына бір реттік ірі ақшалай сыйақы төлеудің орнына, негізгі қаржыны спорттық инфрақұрылым мен спортшылардың ұзақ мерзімді дайындығына жұмсайды, жаттығуға қажетті барлық жағдайды жасайды. Норвегияда спортқа бюджеттен емес, ойын бизнесінен түсетін табыс жұмсалады. Жыл сайын спорттық инфрақұрылымға 400 млн доллар бөлінеді. Кәсіби спортшыларға жылына 16 800 доллар көлемінде стипендия беріледі. Норвегия сияқты қымбат ел үшін бұл тек ас-суға ғана жететін ақша болып есептеледі. Мәселен бірден 6 алтын медальді жеңіп алған Йоханнес Клэбо федерацияға тәуелсіз өз бағдарламасымен жаттығады. Ол өз имиджін бизнеске айналдырған, сол арқылы табыс табады. Йоханнес Клэбо 11 дүркін олимпиада чемпионы атанды. Милан-2026 ойындарындағы жетістігінен басқа, оның есебінде Бейжің-2022-де жеке және командалық спринттерде, сондай-ақ Пхёнчхан-2018-де жеке және командалық спринттер мен эстафетада жеңген алтын медальдарі бар.
XXV қысқы Олимпиада ойындарында қоржынын медальға толтырған ел АҚШ та спортшыларын дайындау үшін салық төлеушілердің қалтасынан бір тиын алмайды. Олимпиада және Паралимпиада комитеті (USOPC) - дербес ұйым, негізінен жарнама мен теледидардан көрсету құқығын сату арқылы күнелтеді. Олар бұл қаржыны спортшыларға жалақы ретінде бермейді, оның орнына жаттығулары мен оқуына қажетті шығындарды өтейтін гранттар бөледі. АҚШ Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, 2022 жылы 1565 спортшыға гранттар мен стипендиялар түрінде шамамен 16 миллион доллар бөлінген. АҚШ Норвегияға қарағанда медалмен оралған спортшыларына «жомарттық» танытып, демеушілердің көмегі арқылы алтын үшін - 37 500 доллар, күміске - 22 500 доллар, қолаға-15 мың доллар береді. Салыстырмалы түрде АҚШ-тың сыйақысы Қазақстаннан әлдеқайда төмен. Қазақстанда алтынға - 250 мың доллар, күміске - 150 мың доллар, қолаға 75 мың доллар ақша беріледі. Еліміз жеңімпаздарға сыйақы беруден Сингапур, Гонгконг, Малайзиядан кейінгі төртінші орында тұр.
АҚШ-та сондай-ақ спортшылардың дамуына университеттер көп үлес қосады. Жекеменшік жоғары оқу орындары оларға грант тағайындайды, жаттықтырады, үздік базалар дайындап береді. АҚШ-та спорт - нағыз бизнес көзі. Танымал спорт түрлерімен айналысатын кәсіби спортшылар жарнамадан миллиондаған доллар табыс табады, ал көп назарға алынбайтын спорт түрлерін таңдағандар өз қаражатына жаттығады, қосымша жұмыс істейді.
Италиядағы олимпиадада АҚШ-қа соңғы 24 жыл ішінде мәнерлеп сырғанаудан бірінші алтынды Алиса Лью алып берді. 20 жастағы спортшы әлеуметтік желіде бірден танымалдыққа ие болды, көпшілік оның медалінен гөрі, мұз айдындағы «еркіндігін» сөз етіп жатыр. 20 жастағы бойжеткеннің өзі де «ұту үшін емес, өнерін көрсету үшін» келгенін мойындаған. Осы спортқа Алисаны 5 жасында әкесі Артур Лью алып келген. Ол жылдар бойы қызының менеджері болды. 1989 жылы Артур Лью Қытайдағы наразылықтар кезінде АҚШ-қа қашып келіп, заңгерлікпен айналысты, Алисаны және оның 4 бауырын суррогат ана дүниеге әкелген. Ол 16 жасқа келгенде сүйікті спортынан баз кешіп, кетіп қалады. Алайда кейін мұз айдынына қайта оралады. Осы уақыт аралығында әкесі қызының дайындығына 1 миллион доллар ақша жұмсаған. АҚШ үкіметі оның дайындығына тікелей бюджеттен қаражат бөлмеген.
Қысқы Олимпиада ойындары әр елдің спортты қаржыландырудағы ұстанымының тиімді әрі әлсіз тұстарын көрсетіп бергендей болды. Қазақстанда жас таланттың тағдырын көбіне бюджет қаражаты шешеді. Елімізде чемпиондарға мемлекеттік қолдау көрсетіледі, жоғары сыйақымен ынталандырады. Біз мысал еткен, Норвегия инфрақұрылым мен ұзақ мерзімді жүйеге басымдық береді, ал АҚШ спортты негізінен жеке сектор мен демеушілер есебінен дамытады.