«Денис те жолын сол жерден бастаған»: мәнерлеп сырғанайтын Михаил Шайдоров жайлы не білеміз

Автор: Аягөз Құрмаш

Бүгін ол еркін бағдарламада өнер көрсетпек

Фото: Olimpik.kz

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына ие болды. Бүгін сағат 23:00-де ол еркін бағдарламасымен өнер көрсетеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Михаил Шайдоров 2004 жылдың 25 маусымында Алматыда дүниеге келген.

«Мен уақытымның көп бөлігін Қазақстанда, өзімнің сүйікті қаламда өткіземін. Алексей Ормановтай маманмен ұзақ уақыт бірге жұмыс істеп, жаттығу жасағаныма өте қуаныштымын. Дегенмен, мәнерлеп сырғанауды мен «Рамстор» сауда ойын-сауық орталығының мұз айдынында бастағанмын. Ол кезде Қазақстандағы алғашқы мұз айдындарының бірі еді. Сол жерде көп спортшылар, соның ішінде Денис те жаттығуын бастаған. Біршама уақыт Ресейде де жаттықтым, Олег Сергеевичтің жиындарына қатыстым. Бірақ соңғы уақытта белгілі бір қиындықтар туындап, қазір негізгі жаттығу уақытымды Алматыда өткізіп жүрмін», - деген еді Михаил 2025 жылы берген бір сұхбатында.

Ол бүкіл балалық және саналы өмірін Алматыда өткізгенін айтты.

«Сондықтан мені қандай да бір «ресейлік шығу тегімен» байланыстыруды дұрыс емес әрі құрметсіздік деп қабылдадым. Отбасымызда ең спортқа жақыны менмін. Кейбір спорттық отбасыларда балалардың таңдауы сұралмай жатады. Мысалы, «Формула-1» жарысында Макс Ферстаппен бар, ол әкесі өзіне таңдау бермеді деп жиі айтады. Ал менің жағдайымда бәрі басқаша болды. Бес-алты жасымда мені жай ғана байқап көрсін деп мұз айдынына алып барды. Басында маған ұнамады, «мен бұнымен айналыспаймын» деп айттым. Содан кейін мені спорттық гимнастикаға берді. Онымен бір жарым жылдай айналыстым, жарыстарға да қатыстым. Кейін оған да қызығушылығым азайып кетті», - деген еді ол.

Шайдоров атағандай, ерлер спортында «достық артық» деген пікір бар, бірақ өзара құрмет – ең маңыздысы. Басқа спортшылармен үлкен өзара сыйластық бар.

«Әрине, барлығымен жақын дос бола бермейсің, бірақ кейбірімен достық қарым-қатынас қалыптасады. Әйелдер мәнерлеп сырғанауы туралы түрлі әңгімелер айтылады, қыздар бір-бірімен келіспейді деген сияқты. Бірақ бұл толық шындық емес. Қыздардың арасында да өзара құрмет пен достық бар. Ерлер арасында да кейде түсініспеушілік болады. Яғни бәрі адамға байланысты», - дейді ол.

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында өз өнерінен кейін қазақстандық спортшы жарыс барысында толқуын жеңе алғанын айтты.

«Бұл мені өте қатты қобалжытты. Өйткені бұл - әлем чемпионаты емес, Олимпиада ойындары. Сондықтан психологиялық тұрғыдан оңай болған жоқ. Соған қарамастан, өзімді қолға алып, уайымымды жеңе алдым. Бағдарламаны артық күш салмай, өз мүмкіндігіме сай, таза сырғанауды мақсат еттім. Нәтижесінде бәрі ойдағыдай болды. Жаттығуларда бәрін мінсіз орындап жүрдім. Бұл да нәтижеге оң әсерін тигізді. Барлық эмоцияны, ішкі сезімді жеңе алғаныма қуаныштымын. Енді демалып алуға уақыт бар. Содан кейін жарысты жалғастырамын», - деген еді спортшы.

Михаил Шайдоров 2025 жылы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен Төрт құрлық чемпионатында топ жарды.

Күні кеше ол Михаил Шайдоров еркін бағдарламасына енгізілетін элементтердің тізімін ұсынды.

Қысқа бағдарламадан кейін бесінші орында тұрған қазақстандық спортшы еркін бағдарламада мына секірулерді орындауды жоспарлап отыр:

  • Үш айналымды аксель + төрт айналымды сальхов
  • Төрт айналымды лутц
  • Төрт айналымды тулуп + үш айналымды тулуп
  • Үш айналымды флип
  • Төрт айналымды тулуп + екі айналымды аксель (ретімен)
  • Үш айналымды аксель
  • Үш айналымды лутц

Осылайша, 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шайдоров төрт төрттік секіру орындамақ ниетте.

Айта кетейік, турнирдің бірінші күнінен кейін көш бастап тұрған АҚШ спортшысы Илья Малининнің өтінімінде жеті төрттік элемент бар.

Ерлердің еркін бағдарламасы 13 ақпан күні кешке өтеді.