Рейтингтің көш басында Ламин Ямаль, Эрлинг Холанд және Килиан Мбаппе тұр
Әр жылдың соңында әлемдегі ең қымбат ойыншылардың рейтингі қорытындыланады. Бұл тізімге негізінен Англия Премьер-лигасы мен Испания Ла Лигасының өкілдері енеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жанкүйерлер арасында танымал Transfermarkt сайты биыл да өз бағалауы бойынша құнды футболшылардың жаңартылған тізімін ұсынды.
Аталған рейтингтің көш басында қазір үш ойыншы тұр: Ламин Ямаль («Барселона»), Эрлинг Холанд («Манчестер Сити») және Килиан Мбаппе («Реал»). Бұл үштіктің әрқайсысының нарықтық құны 200 миллион еуроға тең.
Ең қымбат бес футболшының тізімін корольдік клубтың тағы екі ойыншысы түйіндеді: Джуд Беллингем (160 млн еуро) және Винисиус Жуниор (150 млн еуро).
Айта кетері, Ламин Ямаль 20 жасқа дейінгі ең қымбат жас футболшылар тізімінде де көш бастап тұр.
Еске сала кетейік, қазақстандық футболшы Дастан Сәтбаев Чемпиондар лигасының тарихында гол соққан ең жас футболшылардың үштігіне кірді. 17 жастағы форвард сырт алаңда өткен «Копенгаген» командасына қарсы матчтың 81-минутында гол соқты. Бұл кезде Сәтбаевтың жасы 17 жас 110 күн болды.
Турнирдің рекорды испаниялық Ансу Фатиге тиесілі. Ол 2019 жылы «Барселона» сапында жүріп, «Интер» қақпасына 17 жас 40 күнінде гол соққан. Екінші орында – «Барселонаның» жас жұлдызы Ламин Ямаль (17 жас 68 күн, 2024 жыл, «Монакомен» ойын). Осыған дейін үздік үштікті «Антверпен» шабуылшысы Джордж Иленихена түйіндеген (17 жас 119 күн, «Барселонаға» қарсы матч).