Министрлік қазақстандық боксшыға көмек көрсетуге дайын
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев допинг дауына іліккен боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, министрлік Жәнібек Әлімханұлының командасымен байланыста.
«Өкінішке қарай, допингке қарсы ұйым одан мельдоний табуына байланысты жекпе-жек өтпейтін болды. Десе де біз Жәнібек Әлімханұлының мәлімдемесі бойынша оның допинг қолданбағанына сенімдіміз. Оған допинг қайдан келгенін антидопингтік ұйымдар тексеріп, анықтауы керек. Қорытынды жасауға әлі ерте, мен тергеудің аяқталғанын күтуге кеңес беремін. Туризм және спорт министрлігі спортшыға көмек көрсетуге, қолдауға дайын», - деді Жарасбаев Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, спорт министрлігі халықаралық сарапшыларды тартуға көмектесуге дайын.
Айта кетері, 6 желтоқсанда АҚШ-та Жәнібек Әлімханұлы кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жек өткізуі тиіс еді, бірақ қазақстандық боксшының допинг-тесті оң нәтиже көрсетті. Оның сынамасынан мельдоний табылған.