Кристина Шумекова конькимен жүгіруден Әлем кубогында үшінші алтын медалін жеңіп алды
Кристина Шумекова 1000,1500 және 3000 метр қашықтықта топ жарды
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше Қазақстандық конькиші Кристина Шумекова Италияның Милан қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының үш дүркін жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
1500 метрде де топ жарды
Бүгін, 30 қарашада спортшы 1500 метрлік қашықтықта алтын медаль жеңіп алды.
«Екінші орынды Аяно Секигучи (Жапония) иеленді. Үздік үштікті Цзямин Цзян (Қытай) түйіндеді», - деп жазылған хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шумекова 1000 және 3000 метрлік жарыстарда жеңіске жеткен болатын.
1000 метр қашықтықта Шумекова жапониялық Аяно Секигучи мен Польша өкілі Ханна Мазурды артқа тастады.
3000 метрлік жарыста да қазақстандық спортшы үздік болып, Нидерландыдан келген Лике Хейзинк пен қытайлық спортшы Цзяминь Цзяннан озып кетті.
Тағы бір медаль
Сонымен қатар нео-сеньорлар арасындағы жарыстарда Дарья Важенина 1000 метр қашықтықта Қазақстан қоржынына қола медаль салды.