Қазақстандық дзюдошылар Grand Slam турнирін бір жүлдемен аяқтады
48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Әбужақынова қола жүлдеге ие болды
Қазақстандық дзюдошылар Абу-Дабидегі Grand Slam турнирін бір жүлдемен аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің мәліметінше 30 қарашада жарыстың соңғы күні өтті. Финалдық кезеңге дейін қазақстандық дзюдошылардың ешбірі жете алған жоқ.
«Ұлттық құрама еншісінде бір ғана медаль бар. 48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Әбужақынова қола жүлдеге ие болды», - деп жазылған хабарламада.
30 қарашада Ермахан Әнуарбеков (90 келіге дейін), Нұрлыхан Шархан (100 келіге дейін), Марат Байқамұров (100 келіге дейін) және Еламан Ерғалиев (100 келіден жоғары) жарыстың бастапқы кезеңінде қарсыластарына жол берді.
Еске сала кетейік, қазақстандық дзюдошы Фатима Сұпығалиева Манамада (Бахрейн) өткен жасөспірімдер Азиадасының чемпионы болған еді. Отандасымыз 52 келіге дейінгі салмақта топ жарды.
Фатима ақтық сында Милена Боруболотовамен (Қырғызстан) өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде қазақстандық балуан иппон әдісімен жеңіске жетті.