Зарина Дияс «Үлкен дулыға» турниріне жолдама алды
Ол Қытайда өткен Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің жеңімпазы атанды
Қазақстандық теннисші Зарина Дияс келесі жылы өтетін Аустралия ашық чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше әлемнің 283-ракеткасы Зарина Дияс Чэнду (Қытай) қаласында өткен Аустралия ашық чемпионатына Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің жеңімпазы атанды.
«Қазақстандық спортшы финалда тайбэйлік Лян Эньшуомен шеберлік байқасты. Екі сет те 6:3, 6:4 есебімен Заринаның пайдасына шешілді», - деп жазылған хабарламада.
Осылайша Дияс 2026 жылғы алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі – Аустралия ашық чемпионатына жолдама алды.
Зарина Дияс спорттық жолында Мельбурнде 2014, 2015, 2020 және 2021 жылы үшінші айналымға дейін жеткен еді.