Business-Aru: Көкшетауда балалар спортын дамытып жүрген Айша Нұрғалиеваның тағдыры

Автор: Бақыт Шынар

Артыңда балалар тұрғанда тоқтауға құқығың жоқ, дейді ол

Фото: manshuq

Айша Нұрғалиева – жаттықтырушы, педагог және 25 жыл бойы спорттың баршаға қолжетімді екенін дәлелдеп келе жатқан жан. Биыл ол Банк ЦентрКредит ұйымдастырған Business-Aru байқауының жеңімпаздарының бірі атанып, каратэ секциясын, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімделген бағытты дамыту үшін 10 000 000 теңге грант жеңіп алды. Айша үшін бұл жеңіс – тек ақша емес, шәкірттерінің өмірін сәл де болса еркін, бақытты етудің мүмкіндігі, деп жазады Manshuq басылымына сілтеме жасай отырып. 

Балалық арманнан туған өмірлік миссия

Айша каратэмен он төрт жасынан бастап айналысады. Оның жолында демеушілер де, жайлы жағдай да болмаған – тек табандылық, қызығушылық және спортқа деген шексіз махаббат қиындықтардың бәрінен басым түсті.

Ол көпбалалы отбасында өскен: анасы төрт баланы жалғыз тәрбиелеген. 1995 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін ақылы үйірмелерге бару қол жетпес арманға айналған еді. Сондықтан Айша тек тегін үйірмелерге жазылған. Мектепте каратэ секциясы ашылғанда, ол бірден сол үйірмеге жазылған. Түптеп келгенде. бұл шешім оның тағдырын өзгертті.

«Мен спортқа дайын күйде келдім, бірақ жарыстарға баруға жағдай болмады. Сол кезден бастап балалардың тегін спортпен айналысу мүмкіндігі болса дейтінмін», – дейді Айша.

Осы кішкентай «арманы» кейін үлкен миссияға айналды. Кейінірек Айша болашақ жарымен танысқан. Ол да каратэші жігіт еді. Айша жолдасымен бірге кезіндегі өзі сияқты балаларға тегін үйірме ашып, оның балалық арманын орындаған. Колледжден кейін Айша біраз уақыт шетел тілдері мұғалімі болып жұмыс істеді, бірақ спорт оны бәрібір өзіне тартты.

«Сабақтан кейін бәрібір спортзалға кететінмін. Басқаша өмір сүре алмайтынымды түсіндім», – дейді ол.

Арада жарты жыл өткенде ол жұмыстан шығып, 2000 жылы өз секциясын ашты. Жаттығу ақысы барынша төмен болды, өйткені ол спортты кез келген балаға қолжетімді етуді мақсат тұтқан еді. Осылайша секцияда әрқашан көп бала жиналып, ерекше жылы, достық атмосфера қалыптасты.

25 жылдық еңбек жолындағы сынақтар

«Алғаш кездескен қиындық – жаттығатын залға қатысты  болды, – деп еске алады кәсіпкер. – Жаттығу жүргізу керек, ал жалдау ақысы қымбат. Бастапқы кезеңдерде ата-аналар мен серіктестер көмектесіп, зал ақысын жабуға көмектесті. Уақыт өте келе клуб толық дербес жұмыс істей бастады».

Балалар өзгерген сайын Айша да өзгерді. Секцияға ерекше балалар келе бастады: алдымен зейіні тұрақсыз балалар, кейін аутизм, дамуында тежеуі бар балалар келген. Оқушыларын жақсырақ түсіну үшін Айша қайта оқуға бел буып, алдымен дене тәрбиесі және спорт факультетін тәмамдап, кейін педагог-психолог мамандығына ие болған екен.

Айша 2012 жылы спорт басқармасымен серіктестік орнатып, өз тәрбиеленушілерін ресми жарыстарға белсенді түрде қатыстыра бастады. Қазіргі уақытта ол мүмкіндік кез келген адамда бар екеніне сенімді. «Біз жұмыс істеуге болатын елде өмір сүреміз, – деді Айша сенімді түрде. – Мен көптеген елде болдым және орынды түрде салыстыра аламын. Әрине, түрлі салықтар бар, қиындықтар кездеседі, бірақ қаласаң, бәрі мүмкін».

«Балаларымызды жек көретін»

Айша ең алғаш қабылдаған алғашқы ерекше қажеттілігі бар бала – Ақкимер есімді бала болды. «Анасы киім ауыстыратын бөлмеде жылап отыратын, – деп еске алады Айша. – Залда ол барын салды, бірақ залдан шыққаннан кейін түрлі қиындықтар күтіп тұратын. Анасы ақыры оны алып кетті. Сол кезде мен ерекше балаларға арналған бағытты міндетті түрде ашуға ұмтыламын деп уәде бердім.

Айша Нұрғалиева уәдесінде тұрды. 2023 жылы мемлекет тарапынан жеке қаржыландыру бағдарламасы ашылғаннан кейін ол диагнозы бар балаларға арналған адаптивті каратэ секциясын ашты. «Мен ақша туралы ойлаған да емеспін, – дейді Айша. – Ақша маңызды емес. Маңыздысы, балалардың жаттығатын мүмкіндігі бар». Жаңа топтағы ең алғашқы оқушысы сол баяғы Ақкимер болды.

«Жеке қаржыландыру бағдарламасы бір ғана бапкерге арналған, – деп түсіндірді Айша. – Ал бір адам осыншама балаға көңіл бөле алмайды». Жұмыс көп, қолдау аз, ал шығын шаш етектен. Бірақ ең қиын болғаны – адамдардың қарым-қатынасы. Адаптивті топтарда алтыдан он жеті жасқа дейінгі балалар жаттығады. Айша спорт кешенінен зал жалдаған, бірақ «ерекше» балаларға көбісі жатырқай қарайтын «Тіпті, біздің балаларымызды жек көретін. Көп шулайды, кедергі келтіреді, ел қатарлы емес деп». Алғашында ауыр тиетін, бірақ уақыт өте келе балалар өздерін қауіпсіз сезінуі үшін жеке орын қажет екені түсінікті болды.

Сондықтан Айша мен күйеуі үлкен шешім қабылдап, ғимарат сатып алды. «Бізге қолдау көрсетті, алайда сатып алу – тек бастамасы ғана, – дейді Айша. – Оны әдеттегідей, ережелер бойынша емес, күнделікті кездесетін шынайы жағдайларға бейімдеп жабдықтау қажет».

Неге байқап көрмеске?

Айша Business-Aru гранттық бағдарламасы туралы хабардар болғаннан кейін ұзақ ойланған жоқ. «Банктен хабарлама келді, көз жүгіртіп едім: «Байқау басталады» деп жазулы тұр екен, – дейді ол. – Неліктен байқап көрмеске деп ойланып қалдым. Бұл қолға алған ісімізді соңына дейін жеткізу үшін қажет нәрсе».

Айша Business-Aru жобасындағы оқуын ерекше құлшыныспен еске алады:

«Сабақтар жылдам өте шықты. Бағдарламада бәрі жан-жақта үйретілді, бұрын бизнес-жоспар жаза білгеніме қарамастан, көп нәрсе үйрендім. Түсінікті үйретілгеннің арқасында көп нәрселер меңгердім».

Бағдарламадағы оқу өте ыңғайлы ұйымдастырылған: модульдер, материалды бекіту тапсырмалары, уақытылы кері байланыс – бәрі жүйелі әрі түсінікті. Айшаның айтуынша, кейбір тақырыптар оған «Бастау» курсынан таныс болған, алайда жаңа ақпарат бұрынғы білімін реттеп, бизнес жүргізудегі өз тәсілін жетілдіруге көмектескен. Ол дәрістерді тыңғылықты конспектілеп, қайта оқып, маңызды жерлерінен скриншот жасаған.

Айша бүкіл жолды адал жүріп өткен – құжаттарды толтырған, өтінімді рәсімдеп, жіберген. Сосын… мүлде ұмытып кеткен.

«Біздің кестеміз өте тығыз ғой, – деп күледі ол. – Ай сайын жарыс: бір команданы апарып келесің, екіншісін дайындайсың, бір жерде керек-жарақты жаңарту керек, бір жерде костюмдер… Үнемі шаруамен жүреміз».

Сөйтіп, күндердің бір күнінде «Сіз жеңімпаз атандыңыз!» деп күтпеген қоңырау түседі.

Өзің үшін емес, балалар үшін қуану

Айша бірден сенген жоқ. Алғашқы ойы – өзі үшін емес, балалары үшін қуанды. Өйткені бұл залда мүгедектігі бар балалар ғана емес, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетімдер де жаттығады. Банк ЦентрКредиттің Business-Aru байқауынан жеңіп алған грант нағыз қолдау, үлкен демеу болды. Осы көмектің арқасында балалар жаттығуларын жалғастырып, өздерін команданың мүшесі ретінде сезіне алады.

Бұл балалар үшін карате – жай ғана спорт емес. Бұл – жаңа тыныс, өйткені олар уақытының көбін интернатта өткізеді. «Олар үшін зал – үй, ал жаттықтырушылар – отбасы сияқты. Мені мама, бапкерді папа, ал федерация директорын әкей дейді. Бір жағынан күлкілі, бір жағынан жүректі елжіретеді».

Айшаның айтуынша, гранттың бір бөлігі жөндеу жұмыстары мен жаңа залды жабдықтауға жұмсалған. Қазір нысан толық дайын: күрделі жөндеу жасалды, дабыл жүйесі мен бейнебақылау орнатылды. Енді ата-аналар камераға қосылып, баласының жаттығуын онлайн көре алады – бұл олардың жүрегіне тыныштық сыйлайды.

Жақын арада мектеп жаңа спорттық инвентарь алады: қаптар, жаттығуға арналған арнайы құралдар, мүмкіндігі шектеулі балаларға бейімделген жұмсақ әрі қауіпсіз жабдықтар.

Қаражаттың бір бөлігі ерекше балалар арасындағы жарыстарды өткізу үшін татами алуға жұмсалады. «Оларға көбірек кеңістік керек әрі қауіпсіздік бірінші орында. Сол үшін еденнің барлығы төсенішпен жабылуы тиіс. Бұл қымбат, бірақ басқаша істеу мүмкін емес», – дейді Айша.

Біздің кейіпкеріміздің жаңа мақсаты – мүгедектігі бар ересектерге арналған адаптивті карате секциясын ашу. Кейбір тәрбиеленушілер қазірдің өзінде он сегізге толған, ережеге сай оларды шығарып жіберуі керек. «Бірақ оларды қалай жібереміз? – дейді Айша. – Үш жыл бойы бірге болдық, олардың өскенін, қуанышын көрдім. Қалай сырт айналамын? Біз оларға: келе беріңдер, жаттыға беріңдер дедік. Жас оларды өмір мәнінен айырудың себебі емес. Бұл адамдар қоғамда жиі тасада қалады. Олардың жасы отызда, қырықта болуы мүмкін, бірақ олар әлі де сол баяғы бала. Оларға да қарым-қатынас, қозғалыс, өмірге деген құлшыныс керек».

Айша грантты ақша ретінде емес, балаларға көбірек қамқор болу мүмкіндігі ретінде қарап отыр. Жақында орталықта тұз шахтасы пайда болды. Жобаның жетекшісі ұзақ толғанып, осы идеяны жүзеге асырған. Барлығы толық дайын, тек өрт сигнализациясын орнату қалды. Келесі аптадан бастап іске қосу жоспарланып отыр. Жаттығудан кейін балалар шахтаға келеді. Айшаның айтуынша, бұл тәжірибе шетелде ұзақ уақыттан бері қолданылады және иммунитетті нығайтуға көмектеседі.

Негізгі мақсат – үлгі болу

Бұрын ерекшелігі бар балалар тек жаттығу жасап, денесін және сенімін нығайтады, ал қазір олар татами өнерін көрсете алады. 

«Біз оларға арнап жарыстар ұйымдастыруды бастадық. 2024 жылдың көктемінде адаптивтік топтың төрт тәрбиеленушісі алғаш рет жалпы аттестацияға шықты. Бұрын олар жиі ауырып, сабаққа қатыса алмайтын. Ал өткен қыста олардың көбісі ауырмады. Олар төзімдірек және әлеуметтік жағынан белсенді бола бастады», - дейді Айша.

Инклюзия лекциялардан емес, үлгі көрсетуден басталады

Олардың залында жаттығулар бірінен соң бірі өтеді. Алдымен жалпы топ, кейін адаптивтік топқа болады.

«Біздің балаларымыз бұл жағдайды қазір қалыпты қабылдайды. Олар ерекшеліктері бар балалар келетінін біледі және сыйластық танытады. Егер біреуі етігін кие алмай жатса, есікті ашатастырып алса, дереу көмектеседі» – деп түсіндірді ол.

Көрсетілімдік жаттығулар да бірге өткізіледі. Бірлесіп дайындалып, татамиға қатар шығады, ешкім ешкімді бөлмейді. Айына бір рет команда жалпы жаттығу өткізеді, онда үлкендер кішілерге көмектесіп, дұрыс тұру немесе соққыны қалай жасау керегін көрсетеді. Айша атап өткендей, кейде топтарды ажырату мүмкін емес, барлық балалар бірге жаттығып, бір команда сияқты сезінеді.

Үш жыл ішінде түсінбеушілік болған емес, бір-бірін мазақтаған емес. Басқа мектептерден командалар келгенде де сыйластық танытады. Балаларға бір рет үлгі көрсетсең, олар оны мәңгі есте сақтайды.

Жарыстар мен үлкен қауымдастық

Айша мен оның шәкірттерінің өмірінің маңызды бөлігі –жарыстар. Мектеп тәрбиеленушілері әр жылдары Жапония мен Австралияға, Болгария мен Венгрияға барып, бақ сынаған. Көптеген бала үшін бұл сапарлар алғашқы үлкен жеңіс пен тәжірибе болды.

Күні кешеге дейін жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мемлекеттік стипендия ала алатын. Жарыстың деңгейіне байланысты 150 мыңнан 240 мың теңгеге дейін берілді. Бұл жасөспірімдер үшін үлкен мотивация болды және олардың еңбегі бағаланатынын көрсетті. Бірақ кейін спорттағы басымдықтар қайта қаралды. Олимпиадаға жатпайтын спорт түрлері, соның ішінде карате, қолдау көрсетілетін бағыттар тізімінен шығарылды.

Айша шағымданғанды ұнатпайды. Ол мүмкіндіктер мол екенін тек еңбек етіп, қолды бір сілтемей алға жылжу керегін айтады. Оның мектебінде тұрақты түрде сапарлар мен турнирлер өткізіліп тұрады, ал жарыстар күнтізбесі үш жылға алдын ала жоспарланған. Жуырда команда Қазақстан чемпионатынан оралды, онда бапкер бірінші, шәкірті екінші орын, тағы алты спортшы қола жүлдегер атанды.

Бүгінде Айшаның секциясы елдегі ең ірі карате-кекусинкай ұйымының бір бөлігі, ол бүкіл Қазақстан бойынша қырық мыңнан астам спортшыны біріктіреді. Айша үшін бұл жай ғана секциялар желісі емес, бұл балалар бірге өсетін, бір-бірін қолдайтын, түрлі қалалардан дос табатын үлкен қауымдастық.

Оның сенімінше, болашақтың негізі осында. Өйткені спорттың айналасында сау, белсенді орта қалыптасқанда, күш медаль санымен емес, балалардың қалай батыл, мейірімді және еркін бола бастағанымен өлшенеді.

Айшаның айтуынша, соңғы жылдары сапарлардың саны бірнеше есеге көбейген. Бұрын жарыстарға шамамен отыз адам барса, қазір тұтас делегациялар шығады. Мәселен, соңғы Қарағанды турниріне жүз елу спортшы барған.

Мұндай сапарларда жаттықтырушылар тобы дерлік сүйемелдеу қызметіне айналады: «Жаттықтырушылар күзетшілер сияқты жүреді: әрқайсысының қолында рация. Біз вагондарға бөлініп, үнемі байланыста боламыз. Бұл тұтас жүйе».

«Біздің өміріміз – спорт»

Айшадан барлық осы жаттығу, жарыс, өтінімдерден кейін күшті қайдан алатынын сұрасаң, ол бірден «Балалар. Барлығы сол сәтте қайтарылады» дейді. Айшаны отбасындағылар толық қолдайды. Татамиде танысқан жолдасы бастапқыда жұбайының адаптивті карате сияқты күрделі бағытты алып кете ала ма деп алаңдаған. Алайда нәтижелерді көрген соң күмәні сейілді.

Үлкен қызы анасының жолын жалғап, педагог-психолог мамандығын алып, балалармен жұмыс істеп жүр. Ұлы «дене шынықтыру және спорт» мамандығына түскен және 18 жасында-ақ балабақшада өз секциясын ашқан. Ал кенже қызының жасы төртте, келесі жылы алғашқы жарысына қатысуды жоспарлап отыр.

«Біздің өміріміз – спорт. Біз сонымен өмір сүріп келеміз», – дейді Айша. Шынында да, дәл осылай сияқты. Өйткені қозғалыс, сенім және балалар бар жерде – өмір бар.