Елдос Сметов спорттан кетті ме? Жаттықтырушысы жауап берді

Автор: Асыл Арман

Дәл қазіргі уақытта Абу-Дабиде (БАӘ) дзюдодан халықаралық Grand Slam турнирі өтіп жатыр

Фото: Olympic.kz

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі Роберт Мшвидобазде спортшы Елдос Сметовке қатысты сұраққа жауап берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Olympic.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Дәл қазіргі уақытта Абу-Дабиде (БАӘ) дзюдодан халықаралық Grand Slam турнирі өтіп жатыр.

«Бұл жолы жарыстың деңгейі жоғары боларын алдын ала білдім. Екіншіден, Ислам ойындары жыл соңындағы соңғы дода емес. Желтоқсанда бізді жалпы дайындық кезеңі күтіп тұр. Егер Жапониядағы турнирге қатыссақ, одан кейін бірден сол жиынға қатысуға уақыт та, мүмкіндік те болмайтын еді», – дейді бапкер.

Ол сөзін жалғай отырып, Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің карьерасына қатысты маңызды сауалға жауап берді.

«Елдос Сметов келесі жылы татамиге оралады. Оны ешқайда асықтырмаймыз. Спорттық бабына еніп, қалпына келген соң ғана қай жарысқа қатысатынын бірге ақылдасып шешеміз», – дейді Роберт Мшвидобазде.

Айта кетейік, осыған дейін Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов отбасымен бірге бірнеше ай Лондон қаласында өмір сүретіні хабарланған болатын.