Мен коронавирустан қалай емделіп жатырмын – журналист жазбасы

Автор: Azattyq Rýhy

Агенттік тілшісі басынан өткенін баяндап берді  

Мен өздеріңіз оқып отырған Azattyq Rýhy ақпараттық агенттігінің журналисімін.  Коронавирус инфекциясы және өкпенің екіжақты пневмониясымен Алматы қаласындағы Фтизопульминология орталығында емделіп жатқаныма бүгін жетінші күн. Бүгінгі материалымда мен коронавируспен қалай ауырып жатырмын, алғашқы симптомдар қалай басталды, ауруханада COVID-19 жұқтырған науқастарды қалай емдейтіні туралы кеңінен айтып беремін.

АЛҒАШҚЫ СИМПТОМДАРЫ ҚАНДАЙ?

Дәрігерлердің айтуынша, коронавирустың алғашқы белгілерінің бірі дене қызуының 37-38 градусқа дейін көтерілуі. Бірақ ауырған уақыт аралығында менің дене температурам керісінше 34-35,5 градусқа дейін түсіп кетті.

Ең алғаш қатты басым ауырып, жатып қалдым. Бірақ біраз тыныққаннан кейін, қайта тұрып кеттім. Қандай сұйықтық ішсем де, денемнен тер шөміштеп құйылды. Бұлшық еттерім ауырды. Үшінші-төртінші күні иіс пен дәм сезуім жоғалып кетті. Бастапқы 1 аптадағы белгілері осылай болды.

15 маусым басым ауырды, 16-17 маусым күндері дәм мен иіс сезуім азайды. 18 маусым, үшінші күні мүлдем ештеңе сезбей қалдым. Содан сол күні бірден «Олимп орталығына ПТР тест тапсыруға бардым. Тест нәтижесін 22-ші маусым, 4 күннен кейін алдым. Таңертең электронды поштама келген тест нәтижесін көре салысымен, дереу өзім тіркелген №29 қалалық поликлиникаға хабарластым. Бірақ ондағы дәрігерлер менің үй жағдайында, ешқандай дәрі қабылдамай жатуым керек екенін айтты.

УЧАСКЕЛІК ДӘРІГЕРЛЕРДЕН ҚАЙЫР ЖОҚ

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, коронавируспен ауырғаны туралы тест нәтижесін алған науқас бірден учаскелік дәрігерге хабарласып, жағдайын айтуы тиіс. Мен де тест нәтижесін біле салысымен, учаскелік дәрігерге қоңырау соқтым.  Бірақ олардан «ештеңе ішпей, үйде жата беріңіз» дегеннен басқа жауап естімедім. Бәлкім, жоғары температура, жөтел болмағаннан кейін, ағза өзі күрессін деген болар. 23-ші маусым күні мен өз еркіммен рентгенге жазылып, өкпемді түсірдім. Осы кезде дәрігерлер маған екіжақты пневмония диагнозын қойды. Ешқандай жөтел, температура жоқ. Бірақ екіжақты пневмония бар. Демек, бұл вирус әркімге әрқалай әсер етеді. Егер, мен учаскелік дәрігерімді тыңдап, ештеңе ішпей, рентгенге түспей, үйде жата берсем, бәлкім, осы уақытқа дейін өкпем күйіп кетер ме еді?! Дәрігерлердің қазір үлгере алмай жатқанын ескеріп, қанша түсіністік танытқым келгенімен, учаскелік дәрігерлер  пневмония екенімді көріп тұрып, ешқандай ем шара нұсқаулығын берместен, қайтадан үйге қайтарды. Екі тәулік №29 қалалық поликлиникаға хабарласып, пневмонияға қандай дәрі ішіп, қандай дәрі егуім қажет екенін сұрадым. Өкінішке қарай, ешқандай кері байланыс болмады. Жеке меншік клиникалардағы пульмонологтарға шілденің ортасына дейін науқастар жазылып қойған. Алматы бойынша пульмонологтың қабылдауына жазылу мүмкін болмады.

24-ші маусым, яғни, мен ауырған 10-шы күні сол жақ иығым мен аяғым ұйып қалды. Дем алуым да ауырлай түсті. Осы кезде учаскелік дәрігерлерден еш қайран болмайтынын түсініп, жедел жәрдем шақырдым. Сол себепті, мүмкіндік болса бірден өкпеңізді рентгенге түсіргеніңіз абзал! Соңғы пневмония болып жатқан науқастардың көпшілігінде температура да, құрғақ жөтел де жоқ болып жатыр. Мүмкін бұл вирустың мутацияланған түрі шығар. Әзірше, қазақстандық дәрігерлер COVID-19 бөлек, пневмонияны бөлек ауру ретінде қарап, екеуіне екі түрлі статистика жүргізіп жатыр.

ЖИТС ПЕН ТУБЕРКУЛЕЗДІ ЕМДЕЙТІН ДӘРІЛЕР ІШЕДІ

Ең бірінші сіздің өкпеңізді рентгенге түсіреді. Сосын қан және кіші дәрет анализін тапсырттырады. Нәтижесін қолға алғаннан кейін, бірден ем шараларын бастайсыз. Коронавирусты емдейтін дәрінің әлем бойынша жоқ екенін ескерсек, ауруханада сізге вирусқа қарсы таблеткаларды береді. Олады ішпес бұрын, кез келген науқас COVID-19 вирусын стационар жағдайында емдеудегі этиопатогенді ақпарат қағазына қол қояды. Себебі, коронавирусты емдеуде ЖИТС, Спид пен туберкулезді емдеуге  пайдаланылатын күші антибиотиктерді ішесіз. Олар – алувиа, хлорохин, гидроксихлорохин, иптерферон бета-1/альфа, тоцилизумаб, азитромицин. Сондай-ақ, коронавирустың адам қанын қоюлататынын ескеріп, қан сұйылту үшін гепосан егіледі. Алувианың кері әсерлерінің алдын алу үшін іш өткізуден, жүрек айнудан сақтайтын «церулин» егеді.

Пневмония диагнозы анықталған науқастарға цефтраксион егіледі немесе сұйықтық көк тамыр арқылы тамшылатып енгізіледі.  Күніне екі мәрте өкпеңізге ауаның қалай жетіп тұрғанын арнайы құрылғы арқылы тексеріп, дене қызуыңыз өлшенеді. Ешқандай тамақ, мұрын шаю жоқ. Кейбір үлкен кісілерге қанды қоюлатпайтын дәрі кіндіктен егіледі.

Аталған антибиотиктердің кері әсері қатты. Сол себепті дәрігер нұсқаулығынсыз, үй жағдайында пайдаланбағаныңыз дұрыс. Алувианы алғаш қабылдаған күндері дене қатты ауырады. Диарея, құсу, шамадан тыс әлсіздік, күйзеліс, қыздарда цикл бұзылу орын алып, терілеріңіз құрғап түседі. Біреулер алувиа қабылдаған соң ұйықтай берсе, енді біреулер мүлдем ұйықтай алмай жүреді. Мен алғашқы 3 күн мүлдем ұйықтай алмадым. Бүйрегімнің әрбір қозғалысына дейін сезіп жүрдім. Тамаққа деген тәбетім соңғы екі күн ғана ашылды.

АУРУХАНАДАҒЫ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ ДӘРІГЕРЛЕР

Соңғы үш аптада республика бойынша коронавирус жұқтырушылар саны күрт көбейіп кеткенін ескерсек, көптеген ауруханаларда жағдай мәз емес. Алматыдағы Қалқаман ықшамауданында орналасқан №7 қалалық клиникада жатқан таныстарымның айтуынша, оларға қарап жатқан дәрігер жоқ. Бірақ мен жатқан Фтизопульминология орталығында ешқандай адам кезегі орын алмады. Бәрі рет ретімен келіп жатыр, аурухана іші тап-таза, тамақтары дәмді. Бәлкім, бұл өкпені емдеуге маманданған салалық аурухана болғаннан болар... Емді пульмонолог дәрігерлер тағайындайды.

 Естуімше, қалалық клиникалардың көбінде өкпені қарайтын пульмонолог мамандардың жетісупешілігі салдарынан, терапевт, хирург дәрігерлер пневмония болған науқастарға өз беттерінше ем жасап жатыр. Дәрігерлердің барлығы үш ай бойы үйлеріне бармаған. Коронавирус басталғалы қонақ үйде қонып жүр. Үстілеріндегі қорғаныш костюмдерін 6 сағат бойы шешуге болмайды. Мейлі шөл қыссын, мейлі әжетханаға барғысы келсін, 6 сағат костюммен жүреді. Әріптестерінің көпшілігі коронавирус жұқтырып ауырып жатқандықтан, қазіргі таңда жұмыста дәрігерлер жетіспейтінін айтты. Дәрігерлер де, медбикелер мен тазалықшы ағай-апайлардың осы уақытқа дейін қатты сөйлеп, науқасты ренжіткенін байқамадым. Әрбір науқастың көңіл-күйіне қарауға барынша тырысып жүр. Осы тұста, дәрігерлердің тынымсыз еңбегіне шексіз алғыс білдіргім келеді.

Кемшіліктер: ауруханадағы төсектер ыңғайсыз, қатты, қозғалсаң шиқылдайды. Матрац, көрпе-жастық сынды жабдықтар өте ескі. Төсектерде жапқыш жоқ,  палатадағы терезелерге перде/жалюз ілінбеген.  Бөлмеде құмырсқалармен бірге ұйықтауға тура келеді. Еліміздің басқа өңірлеріндегі жағдайға қарап, ем алып жатқанымызға «шүкіршілік» деп жатырмыз.

Егер, жағдайыңыз аса ауыр болмаса үйде емделіңіз. Мұнда келген 20-22 жастағы қыздардың көбі психологиялық тұрғыдан әлсіздік танытып жатыр. Жеке практикамда байқағаным, ауруханаға түскен алғашқы күн барлық науқас күйзелісте жүреді. Әсіресе жастар өздерінің коронавирус жұқтырғандарын қабылдай алмай, жылап, жақындары мен туыстарына қоңырау шалып, қалай да ауруханадан шығудың жолын іздеп жатты. Түнде өкпесі түсіп қалардай жөтелетін науқастар, кислород аппаратын қолына көтеріп жүретін қарттар мен кейуаналар бар. Психикаңыз қанша мықты болса да, ауруханадағы картина көңіліңізде мұңлы әсер қалдырады.

ДӘРІГЕР КЕҢЕСІ

Сұйықтық көп ішу керек. Күніне кемі 2 литр су қажет. Сорпа тамақтар, С дәрумені бар көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтыныңыз;

Қымыз, шұбат, саумал ішу;

Таза ауада көп серуендеу, өкпе және тыныс алу жолдарына арнайы жаттығулар жасау. Мысалы, шар үрлеуіңізге болады. Сосын терең демалып, деміңізді 5 секунд ұстап тұрып, кейіннен ауаны кері шығарасыз. Дәл осы әрекетті 5 рет жасайсыз. Бесінші ретінде жөтелу керексіз.

Күн ұзаққа ұйықтауға болмайды, себебі, денедегі қан ұйып кетеді.

Бөлмені жиі желдетіп, тазалық сақтау. Қолды жиі жуу, маска кию;

Вирусқа қарсы таблеткаларды ауырмаған адамдарға ішуге болмайды.  Бауыр мен бүйрекке кері әсерін береді.

Жақсы ой ойлап, түрлі медитациялар жасау;

Айжан Қалиева, Алматы.