Ғалымдар бұл жерде биіктігі 9 қабатты үймен бірдей ғимараттардың болғанын айтады
Солтүстік Қазақстан облысына қарасы Уәлиханов ауданында орналасқан «Қызыл оба» қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан жергілікті ғалымдар Алтын орда дәуіріне тиесілі су құбырын тапты. Қазба жұмыстарына қатысушылар 100 шарты метр аумақты зерттеп үлгерген. Ғалымдардың есебінше, ХІV ғасырдың өзінде қабырғасының қалыңдығы – 2, биіктігі кем дегенде 20 метрден асатын ғимараттар болған. Экспедиция жаз бойы жалғаспақ деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
МАЗАРЛАР КҮЙДІРІЛГЕН КІРПІШТЕН ҚАЛАНҒАН
Өткен 2019 жыл Солтүстістік Қазақстан және Павлодар облысының ғалымдары үшін жемісті болды. Тарихшылар Сілеті өзенінің бойындағы Қаратал және Береке ауылдары маңында Алтын орда дәуіріне жататын жеті бірдей мавзолей тапқан болатын. Қар еріп, жер кепкен соң ғалымдар қазба жұмыстарына қайта кірісті.
Маусым айында басталған зерттеуге 15 адам қатысуда. 8 сағаттық жұмыс күні қарастырылған. Күннің ыстық-суығына қарамай ашық аспан астында еңбектеніп жатқан тарихшылар экспедицияның жемісті болатынына сенімді. Бір айда 100 шаршы метр аумақ зерттелген. Бірақ, бұл кесененің азғантай ғана бөлігі екен. Оның барлығын ашу үшін қыруар уақыт қажет.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих кафедрасының доценті Анатолий Плешаковтың сөзіне қарағанда, XIV ғасырға жататын зәулім мазарлар хан әулетіне арнап тұрғызылған. Себебі, қарапайым адамдардың мұндай көлемде құрылыс жүргізуі мүмкін емес. Ол Уәлиханов ауданындағы Қызыл обадан қалашық та табылып қалар деген үмітте. Ашылған мавзолейлердің біреуінің ұзындығы – 30, ені 20 метрге дейін жетеді. Ал қабырғасының қалыңдығы 2 метрден. Оны күйдірілген кірпіштерден қалаған.
«Біз Мовзелейдің еденіне дейін жетіп, оны біраз кеңейттік. Ішінен кірпіш пен керамикадан жасалған заттар табылып жатыр. Демек сол кезде кірпіш өндірісі жақсы дамыған. Оны шығаратын зауыт та болған. Мұндай ғимараттарды арнайы сызбалардың, инженерлік есептің көмегінсіз салу мүмкін емес. Кейін адамдар оны ұмыт қалдырып, байланыс үзілген. Өз дәуірінің осынша білікті мамандары болмай қалған. Оның барлығы терең зерттеуді қажет етеді. Жалпы, экспедицияда қиыншылық туындап жатқан жоқ. Бір өкініштісі, биыл жұқпалы індет таралып, карантин енгізілуіне байланысты қазба жұмыстарына көптеген студенттер қатыса алмады. Олар жылда тәжірибеден өтіп, баға жетпес білім алатын. Тамаша әсерге бөленіп, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуге деген құлшынысы арта түсетін. Бірақ биыл оған санаулы адамдар ғана қатыса алады», - дейді Анатолий Плешаков.
Анатолий Андреевичтің айтуынша құрылысқа ені мен ұзындығының әрқайсысы 25 сантиметрді құрайтын кірпіш пайдаланылған. Қабырғаның қалыңдығы – 2 метр. Биіктігі қазіргі 9 қабатты үйлермен тең. Сол уақыттағы адамдар дөңгелекке құтыларды байлап, өндіріске қажетті суды тартқан. Мұны сол дәуірге жататын су құбырына теңеуге болады.
ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ БІРНЕШЕ ЖЫЛҒА ЖАЛҒАСАДЫ
«Қызыл обадағы» қазба жұмыстары 2019 жылы ғана басталған. Ғалымдар тарихи орыннан көп олжа табатындарына үмітті.
«Біз бұл жұмысты павлодарлық әріптестерімізбен бірге жүзеге асырып жатырмыз. Өткен жылы маволейдің бір бұрышын ашқан болатынбыз. Олар хан әулетіне тиесілі екені анықталды. Қабірлерге тиіспедік. Қар түсетін мезгіл жақындап қалғандықтан, қайта жауып кетуге тура келді. «Қызыл оба» біздің өңір үшін ғана емес, Қазақстан үшін елеулі жаңалық. Оны зерттеуді соңына дейін жеткізуге міндеттіміз. Тарихты зерттеу, зерделеу оңай шаруа емес», - дейді Анатолий Плешаков.
«МҰНДАЙ ЖЕРЛЕРДІ МУЗЕЙГЕ АЙНАЛДЫРУ КЕРЕК»
Бірегей тарихи нысан Петропал қаласынан 700 шақырым қашықтықта орналасқан. Қорым орналасқан маңайдың сұлу табиғаты ерекше көз тартады. Шетелдік ғалымдар мен туристерінің ежелгі «Ботай» тұрағына жоғары қызығушылығын ескерсек, «Қызыл оба» қорымын да, отандық туризмді дамыту үшін пайдалануға болады. Анатолий Плешаков ол үшін мавзолейді музейге айналдыру қажеттігін айтады.
«Бұған дейін көпшілік Солтүстік Қазақстан облысында аталған дәуірге жататын ескерткіштердің көп еместігіне, олардың құндылығы шамалы екеніне сенімді болған. Кемел Ақышевтің «Қазақстанның археологиялық картасында» біздің өңір тарихи зерттеулер жүргізуде келешегі жоқ аймақ ретінде белгіленді. Бұл қорым тарихтың талай ақтаңдақ беттерін ашуға сеп болары анық. Біздің бүгінгі күнге жәдігерлердің аз ғана бөлігін таптық деп ойлаймын. Бірегей орын көп зерттеуді талап етеді. Онда қола, темір дәуірлерінің ескерткіштері сақталған. Оны халық өз көзімен көріп, жүрегімен сезініп, санасына түю үшін жағдай жасалуы тиіс. Тек тарихи орынның облыс орталығынан тым алыста орналасқаны ғана жұмысқа біршама кедергі келтіріп тұр», - дейді тарихшы.
Ғалымдардың пікірінше қазба жұмыстары ондаған жыл бойы жалғасуы мүмкін.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО