Министрлік қызметкерлерінің атын жамылғандар алаяқ болып шығуы мүмкін
Оқу-ағарту министрлігі әлеуметтік желіде таралған видеолар мен жазбаларға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Министрлік үй-үйді аралап жүргендердің министрлікке еш қатысы жоқ екенін айтып, халықты сақтыққа шақырды.
«Әлеуметтік желілерде өздерін оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдардың үйлерді аралап жүргендігі туралы хабарламалар мен видеолар тарап жатыр. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ресми түрде министрлік қызметкерлері үй аралап, жеке деректер немесе басқа да ақпарат жинамайтынын мәлімдейді», - деп жазылған ақпаратта.
Дереккөзге сүйенсек, өзін министрлік атынан келдік деп таныстырып, құжаттар мен деректер талап еткен немесе үйге кірмек болған адамдардың алаяқ болуы мүмкін.
«Бұл адамдардың заңсыз әрекеттері үшін министрлік жауапты емес. Қырағылық танытып, мұндай жағдай орын алса, дереу құқық қорғау органдарына хабарласуларыңызды сұраймыз. Ақпараттың дұрыстығын тек ресми дереккөздер арқылы тексеріңіздер», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.