«Өмірін қиындатады»: депутат несие алатын туысына кепіл болатындар туралы маңызды мәлімдеме жасады

Автор: Бақыт Шынар

Темір Қырықбаев заңға өзгеріс ұсынғанын айтты

Фото: instagram.com/kyrykbaev_temir/

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев «Банктер туралы» заңға ұсынған өзгеріс туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір туысы немесе досына несие аларда кепіл болатын азаматтарға банктер негізгі талап қояды.   

«Бүгін «Банктер туралы» заң жобасын қараған жұмыс тобының отырысында маңызды түзету қабылданды. Түзету банктерге қаржылық жағдайы дәлелденбеген немесе несие алушыға қатысы жоқ жеке тұлғалардың жеке кепілгерлігін талап етуге тыйым салуды көздейді. Қазіргі таңда жеке кепілгерлік көп жағдайда банктер қолданатын ауыр әрі әділетсіз тәжірибеге айналды. Несие ала алмай отырған азаматтың туыстары мен таныстары олардың орнына төлем жасау мүмкіндігі болмағанына қарамастан, артық міндеттемелерге қол қоюға мәжбүр болуы жиілеп кетті. Мұндай жағдайлар кейін кепілгерлерге үлкен ауыртпалық түсіріп, олардың өмірін күрделендіреді», - деп жазған депутат.

Оның үстіне, депутат атап өткендей, телефон арқылы қашықтан рәсімделетін кепілгерлік кезінде адам өзіне алған міндеттеменің көлемін толық түсінбей қалады.

«Осыған байланысты мен «Банктер туралы» Заңның 54-бабына өзгерістер ұсындым. Енді банк кепілгерлік немесе кепіл рәсімдеу кезінде кепілгердің қаржылық жағдайын ескере отырып, оның төлем қабілеттілігіне міндетті түрде бағалау жүргізуге, сондай-ақ негізгі қарыз бен ұсынылған қамтамасыз ету құнының айырмасы бойынша міндеттемені қабылдауға кепілгердің жазбаша келісімін алуға тиіс. Егер ұсынылған қамтамасыз ету банктің кепіл саясатының талаптарына сәйкес кепіл шарты жасалған кезде негізгі міндеттемені толық көлемде қамтамасыз етсе, банк жеке тұлғадан қосымша кепілгерлік немесе кепіл талап етуге құқылы емес», - деп жазды ол.

Тимур Қырықбаевтың айтуынша, бұл түзетуге  бірнеше депутат қол қойған. Қырықбаев болашақта осы өзгерістің барысы туралы жазып отыратынын айтты.