Олардың әрқайсысы 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды
Астанада қарақшылық шабуыл жасаған 4 адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше сотталушылар алдын ала сөз байласып, рөлдерді бөлісе отырып, адам көзінен таса орынды таңдап, бетперде мен капюшон киіп, жәбірленушіге шабуыл жасаған.
«Сот талқылауы барысында сотталушылар жәбірленушінің сол кездегі осал жағдайын пайдалану мақсатында оны әдейі таңдағаны анықталды», - деп жазылған хабарламада.
Олар айналадағы жағдайды мұқият бақылап, жәбірленушінің қараңғы уақытта, адам аз жүретін жерде жалғыз жүргенін байқап, қылмыстық ниетті кедергісіз жүзеге асыруға және қылмысты әшкерелеу тәуекелін төмендетуге мүмкіндік бар деп бағалаған.
Шабуыл кезінде олар жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданып, оның мүлкін тартып алған.
Сотталушылар мен олардың қорғаушылары бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
«Жасалған қылмыстың ауыр санатқа жататынын, жәбірленушінің орта дәрежелі зиян шеккенін, қылмыстың қоғамдық қауіптілігін, сондай-ақ жәбірленушінің пікірін ескере отырып, сот әрбір сотталушыға 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесті», - деп жазылған хабарламада.
Жазаны тағайындау кезінде сот сотталушылардың істеген ісіне өкінуін, жас ерекшеліктерін, жағымды мінездемелерін, сондай-ақ жәбірленушіге келтірілген залалды өз еркімен өтеуін жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.