Материалдық емес мәдени мұраны қорғау үшін арнайы заң қажет - Асхат Аймағамбетов

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол үкімет бұл бастаманы қолдамаған дейді

Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов ұлттың рухани ДНҚ-сы, қазақтың материалдық емес мәдени мұрасын қорғау туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Салт-дәстүр, ән мен күй, ырым мен тыйым, тарих пен шежіре, айтыс пен жыр, аңыз мен ертегі сияқты ұлттық жауһарларымыз – қолмен ұстауға келмейтін, бірақ Ұлттық бірегейлік үшін санаға сіңуі тиіс құндылықтар. Ауылдағы жалғыз қария ғана білетін күй, шебермен бірге кететін өнер дағдылары, ұмытыла бастаған ырым-тыйым – мұның бәрі ұлттық бірегейліктің, қажет десеңіз ұлттық қауіпсіздіктің мәселесі. Сондықтан біз «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» арнайы заң жобасын әзірледік», - деді депутат.

Аймағамбетов үкімет «мұндай заң қажет емес, барлығы «Мәдениет туралы» заңмен реттеледі» деп жобаға теріс қорытынды бергенін айтты.

«Біз бұл көзқарасты бюрократиялық формализмнің көрінісі деп есептейміз. Мәдениет туралы заң бұл мәселені шешеді деу – мектептегі дене шынықтыру сабағын өткізу - Ұлттық олимпиада құрамасын Олимпиадаға дайындауға жеткілікті дегенмен бірдей ұстаным. Өйткені қоланыстағы заң біздің ұсынып отырған нормаларды қамтымайды», - дейді ол.

Аймағамбетов қандай мәселелер шешілмей отырғанын айтты.

«Ұлттық құндылықты жеткізушілер құқықтық тұрғыда ескерусіз қалған. Қобызшы, зергер, жырау, бүркітші - қазіргі заңнамада олардың мәртебесі жоқ. «Мәдени мұраның тасымалдаушысы» деген ұғым заңда мүлдем жоқ. Мемлекеттік қолдау да, шәкірт даярлауға арналған жүйе де қарастырылмаған. Олар – өмірде бар, заңда жоқ. Сондықтан тұтас мәдени құндылықтар жоғалудың алдында тұр. «Мәдениет туралы» заңда осы бағыт үшін арнайы қаржыландыру, гранттар немесе субсидиялар қарастырылмаған. Ұлттық мұраны сақтап, жеткізуге бағытталған нақты тетік жоқ. Тиісінше қазіргі заң – тек ниет туралы декларация», - деді ол.

Енді басқа елдердің тәжірибесіне қарайық дейді депутат. Мысалы: 

▪️ Оңтүстік Корея, Жапония – осы тасымалдаушы азаматтарлы танып, оларға «Тірі ұлттық қазына» мәртебесін беріп, мемлекеттік стипендия төлейді

▪️ Өзбекстан – мұра тасымалдаушыларына тұрақты жәрдемақы бекітті.

▪️ Қытай, Қырғызстан, Әзірбайжан, Ресей – арнайы заң қабылдады.

«Тіпті ТМД-ның 2013 жылғы үлгілік заңы бар. Қазақстан да қол қойған, бірақ әлі қабылдамай отырмыз. Егер ғимарат қираса, біз оны сызбасы бойынша қайта қалпына келтіре аламыз. Ал егер бүгін соңғы жырау, немесе киіз басудың ерекше техникасын білетін соңғы шебер дүниеден өтсе – бұл білім мәңгілікке жоғалады. Оған «реставрация» жасай алмаймыз. Мұра да, оны жеткізуші де бүгін бар. Бірақ уақытөтіп барады. Ертең мәдени мұраларымызды жеткізетін адам қалмауы мүмкін. Сондықтан ұлттың бірегейлігін сақтап қалатын нақты заңды қабылдауды ұсынып отырмыз. Осы жаңа заң жобасын қайта қарап, қолдауларыңызды күтеміз», - деді ол.