Ақтөбе облысында жол саласындағы 186 жобаны іске асыруға 68 млрд теңге бағытталды

Автор: Аягөз Құрмаш

2025 жылы автожол саласын дамытуға 68 млрд теңге бағытталған

Фото: gov.kz

Ақтөбе облысында көлік қолжетімділігін жақсарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуына байланысты облыстың транзиттік әлеуеті жоғары. Сондықтан жолдардың сапасы мен көлік желісін дамыту әрдайым тұрғындар мен біздің басты назарымызда», – деп атап өтті облыс әкімі.

2025 жылы автожол саласын дамытуға 68 млрд теңге бағытталды. Жалпы, жолдарды салу және жөндеу бойынша 186 жоба іске асырылып, 565 шақырым жол жабыны қалпына келтірілді.

Жыл соңына дейін жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесін 78%-дан 82%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Сондай-ақ халықаралық «Самара–Шымкент» автожолының «Ақтөбе–Ұлғайсын» учаскесін реконструкциялау жұмыстары басталды. Оның жалпы ұзындығы – 262 шақырым. Атап айтқанда, биыл «Ақтөбе–Хромтау» жолының 28 шақырым учаскесі жаңарды, жаңа көпір өткелі салынды. Нәтижесінде 791–819 шақырым бөлігінде төрт жолақтың екеуі бойынша қозғалыс ашылды. Қалған 234 шақырымда құрылыс-жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан бөлек, Орталық–Батыс көлік дәлізі құрамындағы «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» республикалық трассасын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 110 шақырым пайдалануға берілді.

«Қауіпсіз жолдар – бұл тек көлік жүйесі ғана емес, сонымен қатар экономикалық өсудің, қозғалыс ыңғайлылығы мен тұрғындар қауіпсіздігінің маңызды факторы», – деді Асхат Шахаров.