Былтыр еліміздің үш облысында қаңғыған жануарлардың кесірінен 100-ден аса жол апаты болды – депутат

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол үй жануарларының цифрлық базасын құру қажетін айтты

ФОТО: Amanat

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жануарларға қатысты мемлекеттік саясат пен реттеу тетіктерінің әлсіздігіне байланысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары елде жануарларды бақылау, реттеу және қадағалау шаралары жүйелі түрде жүргізілмей отыр.

Бұл өз кезегінде қоғамдық қауіпсіздікке, адам денсаулығына, санитариялық және экологиялық ахуалға тікелей қауіп төндіріп отыр. Әлеуметтік желілердегі шағымдар мен резонанстар, қараусыз үй жануарларының көбеюі және қайғылы оқиғалардың жиілеуі уәкілетті органдар жұмысындағы елеулі олқылықтарды айғақтап отыр.

Ресми статистика да жағдайдың ушығып бара жатқанын көрсетеді. Өткен жылы қараусыз жүрген жануарлардың салдарынан:

  • Алматы облысында – 59,
  • Түркістан облысында – 36,
  • Абай облысында – 34 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Депутаттың айтуынша, бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында адам тағдыры, денсаулыққа зиян, материалдық шығын және қоғамның мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіретін факторлар тұр.

Сонымен қатар, қоғамдық орындарда қараусыз жайылып жүрген төрт түліктің көбеюі де құқықтық бақылаудың әлсіздігін дәлелдейді.

«Әлсіз тәртіп – жауапсыздықты, жауапсыздық қайғылы оқиғаларды тудырады», – деді Сәдібеков.

Депутат мәселені шешу үшін мына шараларды заңнамалық және жүйелік деңгейде қарастыруды ұсынды:

  1. Үй жануарларын міндетті тіркеу, таңбалау және бірыңғай республикалық цифрлық база құру;
  2. Жануарлардың бақылаусыз көбеюін болдырмау мақсатында аналық жануарларды ұстауға рұқсатнама жүйесін енгізу және рұқсатсыз жағдайда иесі есебінен міндетті стерилизациялау тетігін бекіту;
  3. Қаларалық және ауданаралық жолдарда қауіпсіздік шараларын күшейту;
  4. 2025-2027 жылдарға арналған жануарларға қатысты кешенді ұлттық жоспар әзірлеу.

«Қоғамның өркениеттілігі жануарларға қалай қарайтынымен өлшенеді. Бірақ гуманизм жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Жауапкершіліксіз мейірім – қауіп тудырады. Біз жануарды қорғап отырып, адамды қорғай алмайтын жағдайға жол бермеуіміз керек», – деді депутат.

Ұласбек Сәдібеков мемлекет азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға міндетті екенін атап өтті.