«ЛГБТ-белсенділер ақпараттық шабуылға көшті»: қоғам қайраткері Парламентке үндеу жасады (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бағила Балтабекова қысымға бой алдырмауға шақырды

Фото: скриншот

Қоғам белсендісі Бағила Балтабекова Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына үндеу жариялай отырып, Парламентті ЛГБТ-қозғалысының қысымына берілмеуге шақырды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қоғам белсендісі еске салғандай, бүгін танымал ЛГБТ-активист өз үндеуін жолдап, ЛГБТ-пропаганданы шектеу туралы заңды қабылдамауды талап етті. Алайда, Бағила Балтабаева бұл заң олардың құқығын шектеу үшін емес, балаларды зиянды насихаттан қорғау үшін қабылданғалы жатқанын атап өтті.

«Балаларды қорғауға арналған орынды шектеулерді олар әдейі «қудалау» немесе «құқық бұзу» деп көрсетеді, өздерін «жәбірленуші» ретінде танытады. Бұл – жалған әрі арандату! Эмоциялық қысым көрсету, көпшілік алдында өз пайдасына ойнау, мән-мағынаны бұрмалау және балалардың санасына еркін жол ашуға ұмтылу – олардың әрекетінің негізгі сипаты.Қандай ақпараттық шудың күші болмасын, Сізді осы манипуляцияларға берілмеуге шақырамыз», - дейді қоғам белсендісі.

Оның айтуынша, Қазақстан – әр адамның құқығы құрметтелетін мемлекет. Ал «бостандық» ұранымен балалардың санасына ықпал етуге жол ашу – бұл диалог емес, ұлттық құндылықтар жүйесіне көрсетілген қысым.

«Бүгін біз отбасы тұрақтылығы мен қоғамның тұтастығын, ұрпақтар сабақтастығын сақтап қалу сияқты маңызды міндетке тап болып отырмыз. Сондықтан ұсынылып отырған түзетулерді «құқықтарды шектеу» деп көрсету – мәселені әдейі бұрмалап, эмоциялық әсер беруге бағытталған тәсіл. Тағы да атап өткіміз келеді: бұл түзетулер ешбір азаматтың құқығын шектеуге арналмаған. Қазақстан – әр адам жеке өміріне, қадір-қасиетіне және қауіпсіздігіне құқылы мемлекет. Алайда мемлекет балаларды қорғауға міндетті», - дейді ол.

Осыған байланысты ол Сенат төрағасынан:

  • ЛГБТ-пропаганданы шектеуге бағытталған түзетулерді қолдауды;
  • Манипуляциялық ақпараттық қысымға бой алдырмауды;
  • Қандай жағдай болса да, табанды және тұрақты ұстаным сақтауды сұрады.

«Санасы қатпаған, әлі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмайтын жас ұрпақты біз қорғау біздің тікелей міндетіміз және сол үшін Мемлекет нақты, әрі нық әрекет етуге тиіс! Қазақстан өзге идеологиялық эксперименттерді жүргізетін алаңға айналмауы керек!», - дейді ол.