24 қарашадан бастап қазақстандықтарға кредит беру шектеледі

Автор: Нұргүл Абай

Тұтынушылық несие алатындар үшін талаптар қатаңдатылып жатыр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2025 жылғы 24 қарашадан бастап кепілсіз тұтынушылық несие беруге шектеу енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Агенттік биыл 7 қарашада жаңа қаулы қабылдаған. Мақсат – несиесін өтей алмай жүрген адамдарға жаңа кредит беруді шектеу және халықтың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу.

Қаулы бойынша, соңғы 12 айда 90 күннен аса кешіктірілген қарызы бар қазақстандықтар үшін борыш жүктемесінің коэффициенті 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетіледі. Яғни банктер мұндай адамдарға бұрынғыдан аз мөлшерде кредит береді.

Бұдан бөлек, мына талаптардың бірі болған кезде кепілсіз тұтынушылық несие беруге шектеу енгізіледі:

  • банк несиесін 30 күннен, ал микрокредитті 1 күннен аса уақытқа кешіктірген кезде;
  • 2025 жылғы 1 шілдеден бастап соңғы үш жылда негізгі борыш және сыйақы бойынша қарызы толық кешірілсе;
  • соңғы 12 айда қайта құрылымдау (реструктуризация) жүргізіліп, бірақ ол қарыз алушының өз міндеттемелерін тиісінше орындауына ықпал етпесе несие алу қиындайды.

Бұл өзгерістер осы жылы 24 қарашадан бастап күшіне енеді.