Қаржы министрі білім беру саласындағы былықтарды әшкере етті
Бүгін үкіметтегі кеңес кезінде білім беру саласындағы былықтар әшкере болды. Қаржы министрі Мәди Такиев жекеменшік мектептердің қаржысына қатысты мәселелерді қозғаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заң бұзу барын анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30%-ы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп жазылған», - деп хабарлайды үкімет.
Жалпы, жекеменшік мектептердің мемлекеттен алатын қаржысын бақылау үшін «Қаржы орталығы» АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын.
Биыл қараша айында e-Qazyna.kz веб-порталында OrtaBilim ақпараттық қызметі іске қосылды. Жүйе білім алушылардың саны мен контингентін, рұқсат құжаттарының болуын және басқа да автоматты тексеру арқылы деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтуге бағытталған.
Жүйе заң бұзған алғашқы мектептерді анықтай бастаған екен. Мысалы, Астана қаласындағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 бала оқиды деп жазылған. Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру фактілері анықталды.