«Зейнетақы жарнасы түсіп тұрған»: Қазақстанда мұғалімдерге қатысты мұқият тексеріс басталды

Автор: Бақыт Шынар

Олар зейнетақы жарнасын аударған ұйыммен ресми түрде еңбек шартын жасаспаған

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Оған қатысқан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова осы салада анықталып жатқан «сұр схемаларды» айтып берген, деп жазады Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтсақ, Светлана Жақыпова Бірыңғай цифрлық платформаны (БЦП) енгізу бойынша жүріп жатқан жұмыстар туралы баяндаған. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы 16 ұйым цифрландырылды. Биыл шілде айынан бастап 9 мыңнан астам ұйымның штаттық кестелері декларациядан өтті, бұл жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.

«Осы цифрландыру әлеуметтік салада бірқатар «сұр схемаларды» анықтауға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, 40 мыңға жуық азаматқа ресми еңбек шарттары болмаса да, зейнетақы жарналары түсіп тұрған. Қызметкерлер ресми түрде бір аймақтағы мектеп штатында болғанымен, басқа облыстардағы ұйымдарда да еңбек шартына отырып, жарна алған. Барлық анықталған дерек бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы тиісті тексеру бастаған», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, дереккөзге сүйенсек, кадрлық процестерді автоматтандыру нәтижесінде 9,6 мың мектептің штат кестесінен тізімге енбеген, бірақ ұйым басшылары өз бетінше қосқан 75 лауазым анықталған көрінеді.

«Мәселен, олардың арасында директордың мектепке қабылдау жөніндегі орынбасары, атқарушы директор сияқты тағы да басқа лауазымдар бар. Осыған байланысты Тізілімді бірыңғай стандартқа сәйкестендіру басталды», - деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.