Алматы облысында бес аудан орталығы жоңғар батырларының атымен аталады
Облыстағы елдімекен атауларының этимологиясы

Соңғы уақыттары әлеуметтік желіде кейбір әкімшілік аумақтардың, ауыл, елдімекендердің атауларын ауыстыруға байланысты жиі айтылады. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысында, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Алматы облысында аудан, облыс орталықтарын байырғы күйіне келтіру туралы ұсыныс, пікірталас БАҚ беттерінде оқтын-оқтын жарияланып жүр.
Біз бүгін Алматы облысындағы моңғол-қалмақ кезеңінен қалған атаулардан біржола құтылатын уақыт келді ме деген мәселе бойынша пікірлерді тыңдап көрдік. Ғалымдар қазақ жерінде 200-ден астам моңғол, татар, қалмақ, ұйғыр тіліне байланысты топонимикалық атаулардың барын айтады.
Azattyq Rýhy Жетісу өңіріндегі жат атаулардың біразын жіпке тізіп, олардың ендігі тағдыры туралы мамандардан сұрады. Нарынқол, Байынқол, Шонжы, Кеген, Шамалған, Қаскелең, Шежін, Ават, Пенжім және Дересін деп кете беретін аймақтағы танымал елдімекен аттарының шығу төркіні қандай? Көзіқарақты жұрт географиялық атаулар тарихта тікелей саясатқа байланысты дамып отыратынын біледі. Қоғамдағы үстем тап жергілікті жұртқа өз өктемдігін идеологиясы мен жер-су атауларын өзгерту саясаты арқылы жүрзігеді. Солай елді бағындырып отырды. Орыс имперализмі үш ғасырда бұл саясатты асыра орындады.
Қазақ ономастикасының атасы атанған Телқожа Жанұзақұлы қазіргі жоңғар-қалмаққа теліп жүрген жер-су атаулары туралы терең зерттеген. «Қазақ жер-су атаулары: атаулар сыры» деген еңбегінде жоғарыда айтылған ономастикаға қатысты пікірлерді көне түркілермен байланыстырып жазған. Қазір 93 жасқа келген ақсақалдың тезистерін, дәлелдерін қоғамға сыналап енгізіп, дәріптеушілер көп емес.
Ұлтжанды ғалымдар бұған дейін бірнеше рет моңғол-қалмақ тілінен енген атауларды өзгерту туралы мақалалар жазып, қоғам назарын аударуға тырысты. Бірақ жоңғар да, ойрат та төрт ғасыр бұрын бұл аймақтан кеткенімен, әлгі атаулар аузымыздан түскен емес. Тянь-Шаньды – Алатау, Жоңғар Алатауын – Қазақ Алатауы деп атайық дегеннен гөрі, шынайы жүзеге асатын дүниелерге уақытты көп шығындау керек сияқты. Мысалы, соңғы бірнеше жыл бойы облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік аймақ – Ұйғыр ауданының атын өзгерту туралы бастама қызу талқыланып жатыр.
Белгілі лингвист ғалым, жер-су атауларының этимологиясына терең үңілген Ахмет Кендірбекұлы «Алматы облысының елдімекендері» деген еңбегінде сырттан енген атауларға тоқталады. Онда Алматы облысының қала, аудан және елдімекен атауларының қысқаша мән-мағыналары мен олардың шығу тарихы түсіндіріледі. Жетісу ғалымының зерттеуінде аймақтағы құлағымыз үйренгенімен, мағынасы мен шығу тегі түсініксіз аудан, ауыл аттары қандай? Көпшілік Жетісуда бірнеше аудан әлі күнге дейін жоңғар батырларының атымен аталады деп жүр.
ЖОҢҒАР-ҚАЛМАҚ КЕЗЕҢІНЕН ҚАЛҒАН 217 ТОПОНИМИКАЛЫҚ АТАУ БАР
Ғалымдар Алматыдан 30 шақырым жердегі аудан орталығы – Талғар қаласы, Талдықорғанға кіреберістегі Мұқыры, Іле ауданындағы Боралдай кенті, Балқаш маңындағы Дересінді, Жамбыл ауданындағы Дегересті де моңғол-жоңғармен байланыстырады.
Талғар – моңғол сөзі. Қазақ тіліндегі тура мағынасы «Доғал». Яғни, біз айтып жүрген «Талғар тау» – «Доғал тау» деген мағынаны білдіреді дейді деректерде. Зер салып қараңыздаршы, Алатаудың Есік, Алматы басындағы шыңдары тік, үшкір келсе, Талғардың маңы доғалданып кетеді, делінген. Табиғаттың осы көрінісіне байланысты «Доғал тау» «Талғар тауы» атанып кеткен бе? Талғардың орнында Талхиз қаласы болғанын ескерсек, бұл түркі атауы.
Ғалым Ахмет Кендірбекұлының зерттеуінде Көксу ауданындағы Мұқыры ауылы «келте, ешқайда құймайтын, айдалада сіңіп, жоғалып кететін шағын, қысқа өзен» дегенді білдіреді деп жазылған. Бұл да моңғол сөзінен енген деп жүрміз. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының жазуынша: «Суан батыры Бағай қалмақ батыры Мұқырды өлтіріп, кегін қайтарды. Енді сол Бағай Мұқырды өлтірген жер де бүгін Мұқыры аталды» депті.
Ал Боралдайда болған қазақ пен қалмақ қолдарының қан майдан шайқасында қалмақтың Боралда деген батыры мен қазақтың Қасқары деген батыры жекпе-жек шайқасқа шығады. Боралда батырды қалмақтар да, қазақтар да «Өгіз қалмақ» деп атайды екен. Боралданың қарсыласы, қазақтың жас батыры Қасқары «өгіз қалмақтан» жасы да, дене бітімі де әлдеқайда кіші болса да, жекпе-жекте Боралданы жеңіп, осы жерге туын тігеді.
Дегерес ауылы – өзі аттас ауылдық әкімшілік округ орталығы. Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан. Ғ. Қоңқашбаевтың Дегерес атауын монғол тіліндегі «дзэргерес» немесе «дзэрлиг герес» – «жабайы ешкі, тау ешкі, жирен» деген пікірін А. Әбдірахманов мақұлдаса, Е. Қойшыбаев атау түбірін түркі тілдеріндегі тегер – «айналма, айналым» деп қарайды да, «ес» тұлғасын зат не құбылыстың сыны, қасиетін көрсететін өлі жұрнақ деп таниды. Э. М. Мурзаевтың байқауынша, эвенкі тілінде дигири – «шағын, аласа тау, жота» мағынасын береді.
ШЕЛЕК ПЕН ЛАВАР ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫ, АЛ ПЕНЖІМ МЕН ШЕЖІН ДЕГЕН НЕ?
Шелек, Лавар, Шежін, Пенжім деп аталатын Алматы – Құлжа тас жолының бойындағы елдімекендердің де шығу тегі оқырман үшін қызық. Лавар ауылы – Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаратұрық ауылдық әкімшілік округіне қарайды. Лавар (дұрыс атауы Лабар) атауы әйгілі Әлмерек абыздың шөбересі, оның Қаракісі деген ұрпағынан тараған Лабардың қонысы болған деген дерек кездеседі.
Шелек те қазақтың батыры. Шелек ауылы қазіргі Еңбекшіқазақ ауданының бұрынғы орталығы. Алматыдан 100 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан елдімекен. Ауыл атауы Шелек батырдың атына байланысты шыққан деген болжам да бар. Себебі, осы аймқта Шелек Ересен деген ерекше батыр кісі XVI ғасырда қалмақтардың Жетісуға алғашқы шабуылдары кезінде ел қорғаған. Ауылдың солтүстік шығыс бетінде өзен маңында Шелек батырдың төрт құлақты моласы да болған. Қазақтың Қаңлы руынан. Қазір Шелекте Қызыл Қаңлы деген атадан тарайтын оның ұрпақтары өмір сүреді.
Алматы облысының Қытаймен шекаралас аймағында Пенжім және Шежін деген ауылдар бар. Қорғас бекетіне жақын тұрған елдімекендердің атауын көпшілік қытай тілімен байланыстырады. А. Кендірбекұлының жинағында бұл ауылдардың атауының қайдан шыққаны туралы қысқа деректер кездеседі.
Шежін – Шежен, Шежін атаулары мағыналас болуы мүмкін. Өйткені, түркі тілдерінде Шиш тау аты ретінде таулы Алтайда болса, тува тілінде шиш сөзі «ұшқыр, сүйір, биік» мәніндегі сөз екен. Олай болса, сөз етіп отырган Шежін атауының бірінші сыңарындагы шеж біздің тілімізде дыбыстық тұрғыдан өзгеріп, қазіргі заманға сұлбасы жеткен, ягни и/е, ш/ж дыбыстарына алмасқан бастапқы көне түркі тілдік тұлгасы Шиш сөзі деп пайымдаймыз. Ал сөз соңындағы –ін (–ен, ын) зат есім тудырушы жұрнақ екенін, егін, бесін, иін, кебін, жиын, тәрізді сөздерден анық көреміз. Олай болса, Шежін «сүйір, биік (төбе)» мәніндегі атау болуы ықтимал. Демек, түркі сөзі.
Пенжім – «Пенжім» деген сөз парсы тілінен алынған. «Пэнд» бес, «жим» ауыл, жұрт деген мағынаны білдіреді. Бұл қытайдан енген сөз емес дейді мамандар.
Алматы облысында 17 аудан, 3 облыстық маңызы бар қала кездеседі. Орыс немесе қазақ жеріне кейін көшіп келген өзге ұлттардың тілінде және тұлғаларының атымен аталатын елдімекендер баршылық. Ал нақты жоңғар-қалмақ кезеңінен қалған 217 топонимикалық атау бар деп жүр ғалымдар.
Негізінен, ұйғыр халқының өкілдері аралас орналасқан Ұйғыр ауданы, Панфилов ауданы және Еңбекшіқазақ аудандарында ондаған елдімекеннің осы тілге бейімделіп айтылатынын байқауға да болады. Олардың қатарында Ават, Ташкарасу, Долайты, Тиірмен немесе Тігірмен, Ақтама, Кеңеш, Дардамтуі, Дұлайты, Кетмен, Дыхан, Юлтыз, Бүдеті, Бахар, Шырын деп аталатын ауылдар бар.
Оқи отырыңыз: «Жолға таласқан»: Ұйғыр ауданында төбелестің неден шыққаны белгілі болды
Одан тыс, Мирзигуль Насыров, Ашим Арзиев және Кинтал Исламов атындағы көшелер кездеседі. Изім Иіскендір, Іля бақтя, Әбулла Розы Бақиев, Ахметжан Қасыми, Құдыс Қожамяров, Лотпола Мүтәліп, Зяад Самади, Ғайни Батыр, Садық палуан сияқты белгілісі, беймәлімі бар, ұйғыр халқынан шықты делінген адам аттары түрлі мекемелерге қойылып келген.
Алматы облыстық ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің басшысы Ермек Ақшабаев Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұқбатында кезекті халық санағына байланысты жер-су аттарын өзгертуге уақытша мораторий жарияланғанын айтады. Бір жылдық шектеу кез келген көше, елдімекен, ауданның әкімшілік орталығы, облыс атауларын өзгертуге бағытталған деп отыр.
«Бұл тапсырма барлығына ортақ. Қазір Ұйғыр ауданының атын өзгерту туралы сұрақтың қаралмай отыруына негізгі себептің бірі осы мораторий. Арнайы қаулы бар. Жергілікті халықтың пікірін ескеру туралы арнайы қаулы бар. Яғни халық қалай шешеді, солай болады. Халық атынан сайланатын қоғамдастық мүшелері бар, содан соң ауылдық немесе аудан округ әкімі 24 ақпан 2013 жылғы 118 қаулыға сәйкес түскен ұсыныс негізінде сайтқа, жергілікті басылымда хабарландыру беруі керек.
Бір айдан соң жиын өтіп, облыстық ономастика комиссиясына жолдайды. Қаралып, оң қорытындысы шықса, ауылдық әкімдік шешім шығарады. Жеке шағым ретінде, арыз ретінде мысалы, Ұйғыр ауданының атын өзгертейік деген талаптар келіп түсіп жатады. Былтырлары болды. Ұжымдық хаттама ретінде де келіп жатыр. Бірақ мен жаңа айтқан талаптар бойынша әкімдікке мұндай ұсыныс түскен жоқ. Ал Шонжы, Нарынқол, Қаскелең сияқты елдімекендердің атын өзгертейік деген ұсыныстар болған жоқ», - дейді Алматы облыстық ономастика бөлімінің басшысы.
КӨПШІЛІКТІҢ ЕМЕС, МАМАНДАРДЫҢ ТАЛҚЫСЫНА САЛУ КЕРЕК
Түркі академиясының ғылыми қызметкері, ғалым Ақеділ Тойшанұлы бұл мәселеге ғұмырын арнаған ғалымдар көп екенін айтады. Жоңғар-моңғолмен байланыстырып айтылатын жер-су атауларының бәрі бірдей оларға тән емес. Бұл ескі түркі сөздері болуы мүмкін деп топшылайды.
«Бұл атаулардың барлығын жоңғарларға таңу дұрыс емес. Алтай тектілердің, түркі-моңғолдың ортақ тәуірі болған. Ғұндар дәуірі болған. Содан соң көк түріктердің дәуірінде де ортақ тарих бар. Сондықтан кейбір атаулар түркі-моңғолдың ортақ дәуірі – 13 ғасырдағы империяның кезінде пайда болған атаулар болуы мүмкін», - дейді ғалым.
Оның сөзінше, қазіргі жоңғардың сөзі деп жүргеніміз кейде көне түркінің өз сөзі болып шығады. Сол себепті, тарихи мәселенің бәрін тазалаймын, атауын өзгертемін деудің қажеті шамалы. Мысалы, Нарынқол, Байынқол деген аттарды «нарын» деп те жүр. Әр жерде. Тіпті, Татарстанда да айтылады екен. Мысалы «қол» дегенді қол, ал «өзен» дегенді олар «ол» дейді. Ал түркілер «көл» дейді.
«Сондықтан осының түркі-моңғолға ортақ сөзден шығу ықтималдығы бар. Ал көне ғұндардан қалған атауларды тексермей жатып, «Ойбай, мыналар жоңғардың сөзі, солардың батыры екен» деп жоңғарға таңа беруге болмайды. Мұны көпшіліктің емес, нағыз мамандардың талқысына салу керек. Ондай нәрсені жаңалық жасай берудің қажеті жоқ. Тіпті, Шамалған деп жүрген қалмақтың батыры деген де – аңыз», - дейді А. Тойшанұлы.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы