«Дүниенің кеңдігінен не пайда»: Ақмола облысында 500-ге жуық ауылда жайылым жер тапшы
Жер иелері оны не өздері пайдаланбайды, не шаруаға бермейді деп ашуланды Көкше халқы
Көкше өңірі десе, жұрттың мол егін мен жасыл шалғынды жайылым жері, қарағайы мен қайыңды орманы жайқалған өңір деп елестететіні сөзсіз. Оты мен суы малға да, жанға да жайлы. Алайда, осы кең байтақ жерде қазір мал жаятын жайылым жер табу қиынның қиыны дейді жергілікті халық.
Тұрғындардың айтуынша, ірі кәсіпкерлер жерді мыңдаған гектарымен сатып алып, қарапайым шаруалардың тынысын тарылтқан. Бұрын мал жайылған жердің бәрі қазір қоршалып, басына күзет қойылыпты. Қолында төрт түлігі бар қараша шарасыз қалдық деп Azattyq Ruhy редакциясына шағымын айтты.
«ӨЗ ЖЕРІМІЗДЕ БІР АЯҚПЕН ТҰРҒАНДАЙ КҮЙ КЕШУДЕМІЗ...»
Зеренді ауданында тұратын Жәнібек есімді жылқышы бұрынғы 5 мың гектар жайылым жердің жекенің қолына өтіп, жүгері алқабына айналғанын айтады.
«Зеренді ауданында Көктерек, Пухальск, Первомай, Еңбекбірлік ауылы тұрғындары жайылым жердің зардабын тартып келеміз. Мен Пухальск ауылында тұрамын. Ауылдың 70-80 шақты жылқысын бағамын. Көрші Мәлік Ғабдуллин ауылында ірі фермер мал шаруашылығы кешенін ашып, жайылым жеріміздің бәрін жыртып тастады. Шамамен, 5 мың гектардан астам жайылым жерге жүгері салынған. Жан-жағымыз түгел жүгері алқабына айналды. Ауылдағы сексен шақты жылқы, екі жүзден астам сиыр, үш отар қой екі гектардан аспайтын жерді шиырлай береді. Әбден тақырлап болдық. Естуімше, бұл жерге «Қаз Грейн», «Набат», «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ие болған. Қит етсе айыппұл саламыз деп қорқытады. Өз жерімізде бір аяқпен тұрғандай күй кешудеміз», - дейді жылқышы Жәнібек.
Жәнібектің бұл уәжін көрші Первомай ауылының жылқышысы Рафаель де құптады.
«Иә, мал бағатын жер қалмай барады. Бұлай жалғаса берсе, бір күні малымыздан да айырылып қаламыз ба деп қауіптенеміз. Жылқы малы көп жайылымды қажет етеді. Ал бір жерді бірнеше жыл таптай берген соң, жердің де сиқы кетті. Жылдан-жылға құнары азайып, шөбі тықырланып барады», - дейді Рафаель.
«ИГЕРІЛМЕГЕН АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕРЛЕРІН ТАРТЫП АЛАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ…»
Өткен жылдың қарашасында Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті билікке игерілмеген жер мәселесін реттеуді тапсырған болатын. Атап айтқанда, латифундистердің иелігіндегі қараусыз қалған жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару керек екенін айтты. Аталған проблема тек Ақмола облысында емес, Қазақстанның барлық өңірінде кездесетініне де Мемлекет басшысы алаңдаушылық білдірді. Сөйтіп, әкімдерге, Ауыл шаруашылығы министрі мен Цифрлық даму министріне аталған проблеманы шешу үшін нақты міндеттер жүктеді.
«Мемлекеттен жерді тегін жалға алғандардың көпшілігі онымен жұмыс жүргізбей, жерді астына басып жатыр. Елімізде «латифундистер» деген үлкен бір топ қалыптасты. Олар шөп қорыған иттей, жердің көбін меншіктеп алған. Игерілмеген ауыл шаруашылығы жерлерін тартып алатын уақыт жетті», - деген еді Президент.
Игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару тетіктерін әзірлеуді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл 20 мамырға дейін аяқтауды тапсырған болатын.
ӘКІМДІК 1,6 МЛН ГЕКТАР ЖАЙЫЛЫМНЫҢ ТАПШЫ ЕКЕНІН АЙТЫП ОТЫР
Ақмола облысының Жер қатынастары басқармасының мәліметінше, бүгінде өңірдегі 495 ауылда жайылым жердің жетіспеушілігі қатты сезіледі.
«2018 жылы Жер кодексіне бірқатар өзгеріс енгізіліп, жайылым жерлерге тұрғындардың мұқтаждығын қамтамасыз ету үшін аудан әкімдеріне мемлекет қажеттілігі үшін жерді тәркілеу мүмкіндігі ұсынылды. Аталған механизмді қолдана отырып, 1 мың гектардан астам жайылым жер мен 200 гектар егістік жер жергілікті атқарушы органдар арқылы мемлекетке қайтарылды. 500 гектар егін салатын алқап жайылым жерге берілді. Бүгінгі таңда жайылым жер тапшылығы 1,6 миллион гектарды құрап отыр. Тұрғындардың қажеттілігін өтеу үшін ауыл іргесіндегі жерлердің иелерімен меморандумдар жасалып жатыр. Жоғарыда аталған 1,6 млн гектар тапшылықты жою үшін қазір жұмыс істеп жатырмыз, әзірге 1 млн гектар жайылым жер үшін меморандум жасастық», - дейді Ақмола облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де Көкше халқының жайылым жерден таршылық көріп отырғанын мойындады. Жер тапшылығы тек Ақмола облысында емес, еліміздің әр өңірінде бар дейді олар. Ғарыштан мониторинг жасау пилоттық жобасы жүргізіліп, нәтижесінде, жалпы аумағы 7,3 млн гектарды құрайтын 9 061 учаскенің пайдаланылмай бос жатқанын анықтапты. Сөйтіп, 2 мыңнан астам жер иесіне ескерту хат жолданған. Олардың біразы істің жақсылыққа апармасын сезді ме, жерді мемлекеттің меншігіне өз еркімен қайтарып беріпті.
«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2020 жылдың бес айында – 2,6 миллион гектар, өткен жылы – 1,2 миллион гектардан астам жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ базасында геопортал құрды. Қазіргі уақытта бес облыста жұмыстар аяқталды. Талдау нәтижелері zher.gharysh.kz салалық геосервисте көрсетілген. Оған сәйкес, іс жүзінде барлық облыста, әсіресе оңтүстік өңірлерде жергілікті халық үшін жайылымдық жерлердің тапшылығы байқалатынын көрсетті», - дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Azattyq Ruhy тілшісінің ресми хатына берген жауабында.
Министрліктің ресми деректеріне сенсек, Ақмола облысының 617 елдімекенінде жайылым жерге қажеттілік 2,4 миллион гектарды құрайды.
«Жергілікті атқарушы органдар халықтың жайылымдық алқаптарына қажеттілігін қанағаттандыру үшін ауыл шаруашылығы өндірушілерімен жалпы көлемі 1 миллион гектарға меморандумдар жасады, олардың жер учаскелері елдімекендердің айналасында орналасқан. Сонымен қатар, ғарыштық мониторингтеу нәтижелері бойынша бүгінгі таңда Ақмола облысында 200 мың гектарға жуық пайдаланылмайтын жайылымдар мемлекет меншігіне иелерінің өз еркімен қайтарылған», - делінген министрліктің жауабында.
ОБЛЫСТА 1,5 МЛН ГЕКТАР ЖЕР МҮЛДЕМ ИГЕРІЛМЕГЕН
Ақмола облыстық прокуратурасының мәліметінше, облыста өткен жылы 1,5 миллион гектар ауылшаруашылық жері мүлдем игерілмеген. Өңірде ауыл шаруашылығына арналған жердің көлемі 10 миллион 800 мың гектардан астам екенін ескерсек, оның оннан бір бөлігінде жылдар бойы ешқандай жұмыстың жүргізілмегенін аңғарамыз.
«Біз өткен жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 1,5 миллион гектары игерілмегенін анықтадық. Олардың барлығы былтыр мемлекеттің арнайы жер қорына тапсырылған. Қазіргі уақытта прокуратура жалпы көлемі 46 728,6 гектар 89 жер учаскесін кері қайтару бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Оның 16 мың гектардан астамы – егістік жерлер, 30 мың гектары – жайылым», - дейді Ақмола облыстық прокуратурасының аға прокуроры Алмас Ысқақов.
Қараусыз бос жатқан жер мемлекет меншігіне жаппай өте бастағаннан кейін мүмкіндігі бар кәсіпкерлер мен шаруалар өз иелігіндегі жерді игере бастапты. Әкімдіктің айтуынша, 994 мың гектар жер айналымға енген.
«Шаруашылық серіктестіктер мал бағып, егін салып, игерілмеген жерлерін қайта пайдалана бастады. Салық көлемінің 10 еседен 20 есеге дейін өсетіні де жерден өз еркімен бас тартуға түрткі болды. Жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижесінде, 1 миллион 700 мың гектар жердің игерілмей жатқаны белгілі болды. Аталған мәлімет бойынша барлық шаруа қожалықтарына хабарлама, ескертулер берілді. Дегенмен, бізге тексеріс жүргізу аса қиынға соқты. Өйткені, осы жылдың басынан кәсіпкерлерге тексеріс жүргізуге мораторий жарияланған. Мұнымен қоса, 2018 жылдан бері біздің біршама құзыретіміз аудандық әкімдіктерге берілген. Біздің негізгі мақсатымыз – жерді тартып алу емес, керісінше, оның пайдаланылуын қамтамасыз ету. Сондықтан, осы мақсатта тиісті шараларды ұйымдастырудамыз», - дейді Ақмола облысының Жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Төкенов.
Заңгерлердің айтуынша, қазіргі заңнамаға сәйкес, кәсіпкерлердің меншігіндегі игерілмеген жерді әкімдік бірден тартып алып қоя алмайды. Өйткені, «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің №229 жарлығына сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулердің және профилактикалық бақылау жүргізудің тоқтатылғанына байланысты, пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне мәжбүрлеп алып қою мүмкін емес. Яғни, заңға сәйкес, хабарлама берілген шаруашылық серіктестігіне уақыт беріледі. Егер, ол сол уақыт ішінде жерге ие болып, егін егіп, мал баға бастаса, жер өзінде қала бермек.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмайтын жерлерге салынатын салықтың базалық мөлшерлемелерін 20 есеге ұлғайту «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде ҚР Парламенті Мәжілісінде қарауына енгізілген. Сала мамандары аталған заңға өзгерістер енгізілсе ауыл шаруашылығындағы қордаланған көп мәселелер өзінің шешімін табады деген сенімде.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы