Жоба аясында Алматыда консультациялық орталық ашылды.
Алматы қаласында нәзік жандылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Аяулы жан» әлеуметтік жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жоба Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың наурыз айынан бері іске асуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Жоба аясында Алматыда консультациялық орталық ашылды. Мұнда әйелдерге тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі. Жуырда әйелдердің құқықтарын қорғау және олардың қоғамдағы рөлін күшейту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтіп, оған мемлекеттік органдар, Полиция департаменті, қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысты.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, қазақ және орыс тілдерінде әлеуметтік бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды.
Сондай-ақ, 8 ай ішінде WhatsApp және байланыс желісі арқылы азаматтардан келіп түскен 450-ден астам өтінішке кеңес берілді. Онлайн-консультацияларды жүргізу үшін білікті маман арнайы қызметке қабылданды.
Жоба шеңберінде дағдарыс орталықтары мен Полиция департаментімен бірлесіп екі экспресс-консультация ұйымдастырылып, қала тұрғындарының қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар, «Медеу» мұз айдынында 200 жастың қатысуымен әлеуметтік флешмоб өткізілді. Бұл бастама Ішкі істер министрлігі тарапынан жоғары бағаланды.
Достық даңғылы, 85 мекенжайында Полиция департаменті және дағдарыс орталықтарының қолдауымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен отбасыларды қолдау акциясы өтіп, тегін консультациялар көрсетілді.
Жалпы, жоба аясында 8 ауданның әйел азаматшалары қамтылған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Оған 600-ден астам адам қатысты.
Негізгі іс-шаралардың бірі ретінде «16 күн зорлық-зомбылыққа қарсы күрес» халықаралық акциясы (25 қараша – 10 желтоқсан) аясында арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасымен келісілген 3000 дана ақпараттық брошюраның дизайны бекітіліп, оның 2000 данасы Полиция департаментімен бірлесіп қоғамдық орындарда таратылуда.
Жоба әйелдермен қатар, отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар мен жасөспірімдерге де көмек көрсетуді қамтиды.
«Аяулы жан» жобасы – әйелдердің құқықтарын қорғауға және олардың қоғамдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Біз үшін ең бастысы – әрбір әйел өз құқығын біліп, сенімді әрі қорғалған сезінуі. Бұл жоба арқылы біз тек ақпарат беріп қана қоймай, қоғамда өзара құрмет пен қолдау мәдениетін қалыптастыруды көздейміз», - дейді «Жастар Рухы» Алматы қалалық филиалының төрағасы Дидарбек Ділдәбек.
«Аяулы жан» әлеуметтік жобасы – әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама. Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, әйелдердің құқықтарын қорғау және қауіпсіз қоғам құру – әділетті әрі мейірімді Қазақстанның басты бағдары болып қала береді.