«Банкрот алдында тұрмыз»: шығынға батқан Алматының автопарктері жабылуы мүмкін
Жолаушы тасымалындағы ең ірі автобус паркінің бірі жабылды

Алматы тұрғындары қоғамдық көліксіз қалуы мүмкін. Автопарк басшылары жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың банкрот алдында тұрғанын айтып, дабыл қақты. Олардың айтуынша, компаниялар бұрын сатып алынған жаңа автобустардың несиесін төлемек түгілі, дизель отыны мен жүргізушілердің жалақысын төлей алмай қалған. Пандемияның кесірінен жолаушылар 50%-ға кеміп, кіріс азайған. Қыруар қарызға батсақ та, қала тұрғындарын қоғамдық көліксіз қалдыруға болмайды деп шырылдаған автопарк басшылары мен қала әкімдігі арасында туындаған мәселені Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрді.
Бұған дейін қала әкімі жолаушылар автобусын көбейтуді мақсат тұтса, қазір барлық көліктер қаңырап, бос тұр. Мектеп оқушылары мен студенттер демалыста, бұдан бөлек, халықтың көбі қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысқан. Мұның бәрі жолаушылар тасымалын 50%-ға төмендеткен.
«Жолаушылар ағыны төмендеді. Біз Алматы қалалық мобильділік департаментінен «парктің шығындардын азайту үшін автобустар санын да қысқартайық деп» сұрадық. Бізге автобустарды 100% шығаруға тиіссіңдер деді. Жүргізушілердің жалақысы бар, күн сайын әрбір автобусқа 200 литр дизель құю керек. Біз өз міндеттемелерімізді 100% орындағанымызбен, ол өз-өзін ақтамай жатыр», - дейді «Мадина» автопаркінің директоры Бекежан Тыныштықбай.
Тасымалдаушы компаниялардың көбі талапқа сай емес маршруттарын жаңартуға тырысып, несиеге автобустар сатып алған. ТЖ байланысты несиені жабу кейінге шегерілгенімен, шілдеден бастап қарыз ақшаны төлеулері тиіс.
«Жағдай өте жаман. Мен банкке тек шілде айында 52 миллион теңге несие төлеуім керек. Дизель отыны үшін шамамен, 33 миллион теңге қарызым бар, оны да айдың соңында жабуым керек. Жүргізушілердің жалақысы шамамен, 13 миллион теңге. Күн сайын бізге бір миллионнан астам теңге транзакциялар арқылы түседі. Сонда айына 30 миллион теңге аударылғанымен, ол шығындарды жабуға жеткіліксіз », - деді парк директоры.
Алматыдағы жол жүру құны – 80 теңге. Бұл тариф 8 жылдан бері өзгермеген. Парк басшылары әлеуметтік шиеленісті тудырмас үшін бағаны көтеру керек деп те айта алмайды. Алайда, қала автобустарының нақты бағасы 170 теңгеден асады. Тасымалдаушылар шығынға батпау үшін Алматы әкімдігі жергілікті бюджеттен бағаның айырмашылығын өтеп келген еді. Яғни, күніне қанша транзакция жасалса, соның айырма ақшасын компанияларға төлеп отырған. Алайда, қазір жолаушылар саны азайғандықтан, субсидия да төмендеген. Алдын ала есеп бойынша, мамыр-маусым айларында автобустар адамға толуы тиіс еді. Алайда, қоғамдық көліктердің 30-40 пайызына ғана жолаушылар отырған. Тарыққан парк өкілдері «әкімдік аталған проблеманы қадағалап, қиындықтан шығудың жолын табуы қажет» деп санайды. Бұл мәселеге Қазақстан көлік тасымалдаушылар одағы да араласты.
«Антифриз, қысқы шиналар, аккумуляторлар сатып алу керек. Жөндеу, техникалық қызмет көрсету, өндірістік нысандарды дайындау қажет. Бірақ оған ақша жоқ. Қалада 17 парк болса, қазір барлығында қаржылық проблема бар», - деді одақтың директоры Сәбит Аманбаев.
«АвтоТрансГаз» автобус паркі қаржылық қиындықтарға төтеп бере алмай, жабылған еді. Жабылған компанияның автобустары 12 бағыт бойынша басқа парктерге берілді. Қазір қала көлемінде ең көп бағытта «АлматыЭлектроТранс» ЖШС қызмет көрсетеді.
«Құрметті жолаушылар, 16, 29, 29-р, 34, 47, 50, 85, 106, 112 және 126 маршруттарына «АлматыЭлектроТранс» ЖШС қызмет көрсетеді. 3-маршрутқа «CityBas» ЖШС, 107-бағыт бойынша «Бату Тревел» ЖШС қызмет көрсетеді. №108-мектеп бағытында әлі жұмыс істемейді», - деп хабарлады Almaty Avtobustary.
Ал қоғамдық көліктердің сирек жүретінін, автобустарды тым ұзақ күтетіндерін айтып шағымданған жолаушылар қатары әлі тоқтаған жоқ. Аталған проблеманың бар екенін Алматы қаласының әкімдігі де растап отыр. Жоғарыдағы үш автопарк жолаушы тасымалының тек 60%-ын ғана қамтамасыз етеді.
«Қатынайтын қоғамдық көлік саны бойынша расымен де мәселе бар. Кейбір бағыттар тек 60% ғана қамтамасыз етілген. Қазір осы бағытта жұмыс істеліп жатыр және көп ұзамай аталған проблемалар жаңа автобустарды шығару арқылы шешіледі. Сонымен қатар, қолданыстағы автобустар да бұрынғы бағыттарымен жүруін жалғастыра береді», - деді Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматы қаласының әкімдігі дәл қазіргі сәтте қаржылық қиындықтарға тап болған парк өкілдерімен кездесу өткізіп жатыр. Банкрот алында тұрған парктер туралы ақпаратты кездесуден соң хабарлайды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы