«Ұл» тіркесінен басталатын есімдер ең көп Түркістан облысында кездеседі
Қазақта қыз балаға «Ұл» тіркесімен басталатын есім беру – ежелден келе жатқан дәстүр. «Ұлболсын», «Ұлту», «Ұлбала», «Ұлжалғас» сияқты есімдер – ұлды асыға күткен ата-ананың үмітінен туған аттар. Алайда бүгінде қоғам өзгеріп, гендерлік теңдік қағидаттары күшейген заманда бұл дәстүр қандай сипат алып отыр? Azattyq Rýhy осы сұраққа жауап іздеп, Ұлттық статистика бюросынан соңғы бес жылдағы мәліметтерді сұратты.
Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, соңғы бес жылда «Ұл» сөзімен басталатын қыз есімдері жыл сайын азайып келеді. Мәселен:
Яғни, бес жыл ішінде жаңа туған қыздарға «Ұл» сөзінен басталатын атты қою үш есеге жуық азайған.
Статистикаға көз жүгіртсек, қыздарға Ұлдана, Ұлжан, Ұлпан, Ұлжалғас, Ұлболсын есімдері көп қойылады. Қызды емес, ұлды көп күтетін өңірлер арасында Түркістан облысы көш бастап тұр.
Сонымен қатар, «ұл» тіркесінен басталатын сирек есімдер қатарында: Ұларшың, Ұлғаным, Ұлдина, Ұлмина, Ұлназым, Ұлнұр, Ұлтуған, Ұлпанұр, Ұлбегім, Ұлдария, Ұлзере, Ұлмерейлім, Ұлсанам, Ұл-Тұмар, Ұлханым есімдері бар.
Жалпы қазір елімізде есімі «Ұл»-дан басталатын 41 764 әйел тұрады.
Қызығы, нәзік жандарға қойылатын сирек есімдер арасында «Қызтумас» та бар.
Статистика бюросының ақпаратынша, бүгінде елімізде «Қызтумас» есімі 11 әйелге тиесілі. Олардың алтауы – Түркістан облысында, екеуі – Шымкент қаласында, қалған үшеуі Астана қаласы, Қызылорда мен Жамбыл облыстарында. «Қызтумастың» ең жасы әлі 15-ке толмаса, ең үлкені 65 жастан асқан.
Ал «Ұлтумас» есімін елімізде ешкім өз сәбиіне қоймаған.
Танымал психолог Серікгүл Сәлидің айтуынша, адамның есімі оның өзін-өзі қабылдауына тікелей әсер етеді.
«Адамның стресске төзімділігі мен өзін-өзі қабылдауы көбіне есімінен басталады. Психоанализ бағыты бойынша балаға ауыр мағына арқаламайтын, құлаққа жағымды әрі қарапайым ат қойған дұрыс деп кеңес береді. Өйткені есім – адам жайлы ең алғашқы ақпаратты беретін сөз. Егер балаға белгілі тұлғаның есімі қойылса немесе есім тым ерекшеленіп тұрса, ол балаға артық жауапкершілік жүктейді. Ал аты өзгелердің келемежіне, буллингке ұшырауына себеп болса, бұл – психологиялық тұрғыдан қауіпті. Мектеп жасындағы балалар арасында «атың біртүрлі екен» деп мазақтау жиі кездеседі, мұндай буллинг адамның өзін-өзі бағалауына теріс әсер етеді. Ал «Ұлболсын» сияқты «ұл» тіркесін жалғастырған есімдер «мені қаламаған», «мені күтпеген» деген психологиялық жарақат береді. Сол себепті бұл өте ауыр есімдер. Адамды қаламау дегеніңіз ең ауыр жарақат болып есептеледі», - дейді маман.
Психологтың пікірінше, гендерлік тұрғыдан да бұл мәселе өзекті.
«Қызболсын» немесе «Қызжалғас» деген есімдердің болмауы, ал «Ұлболсын», «Ұлжалғас» дегендердің көп кездесуі – қызды адам құрлы санамау, қыз баланы қалаусыз көру түсінігінің әлі де санада сақталып отырғанын көрсетеді. Ал негізінде бұрын қазақта егер бала шетінеп, өмірге тұрақтамай жатса немесе өзгелердің назары мен тіл-көзінен қорықса, ата-аналар оған ерекше, тіпті дөрекілеу естілетін есім қойған. Мақсат – сескендіру, назарды басқаға аудару. Сол себепті халық арасында Боқкөт, Сідікбай сияқты есімдер пайда болған. Мұндай аттар баланы тіл-көзден қорғаудың бір түрі саналған. Ол дәстүр сол заманның наным-сеніміне сай жұмыс істеді. Бірақ қазіргі уақытта қоғам да, сана да өзгерді, сол себепті ол дәуірдің түсініктері бүгінде өзекті емес», - дейді Серікгүл Сәли.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Қостанай облысының тумасы азан шақырып қойған «Ұлболсын» деген есімін «Айша» деп өзгертіп, желі жұлдызына айналған еді. Оның видеосы миллиондаған қаралым жинап, қоғамнан қолдау тапқан.