Оның ішінде тұрақты жұмыс орындары – 14 641
Облыс әкімі Берік Уәли азаматтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы бекітілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімнің дерегінше, жыл басынан 23 243 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындары – 14 641, уақытша - 8 602.
Жұмыспен қамту саласында барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалып жатыр. Мүгедектігі бар адамдар мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау тұрақты жүргізілуде. Екінші тоқсан қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,7% болып, төмендеу динамикасы сақталып отыр.
Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау. Облыста 23,8 мың мүгедектігі бар адам тұрады, олардың 2,9 мыңы – балалар.
«Биыл әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 12 595 мүгедектігі бар адам техникалық оңалту және қызмет көрсету құралдарымен қамтамасыз етілді. Оның ішінде техникалық оңалту құралдары – 9 715, жеке көмекшілердің қызметтері – 896, ымдау тілі қызметтері – 228 және санаторлық-курорттық емдеу – 1 756», – деді Берік Уәли.
Сонымен қатар, «AMANAT» партиясының Жол картасы аясында әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 206 ғимараттың 192-сі бейімделді.
«Бұл бағыттағы жұмыстар облыста жалғасуда», – деп атап өтті әкім.