Ол 9 жыл бойы ерікті болып жүр
Талғар ауданы Еламан ауылындағы №41 орта мектептің мұғалімі, волонтер Ерлік Тілеубай ел мен халыққа қызмет ету нағыз патриот болу екенін айтады. Ол волонтерлікпен 9 жылдан бері айналысып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін ол Алматы қаласында Тұрар Рысқұлов атындағы университетте оқытушы болып қызмет атқарған. 2017 жылы туған ауылына оралып, мектепке мұғалім болып орналасқаннан кейін ауылдағы толық емес отбасылардың, көпбалалы аналардың, ерекше қажеттіліктері бар және мұқтаж жандардың жағдайын көріп, көмек көрсетуге бел буған.
Ерлік Тілеубай өз бастамасын ешкімнің нұсқауынсыз, жеке ниетімен бастаған. Ол алғашында «волонтер» деген ұғымды білмесе де, ізгілік пен жанашырлық жолын ұстанған. Қазір ол тұрақты түрде қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырып, мұқтаж жандарға азық-түлік, көмір, киім-кешек және оқу құралдарын таратып келеді.
«Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, көпбалалы аналарға көмек көрсету менің басты бағытым. Волонтерлік қызметімді тоқтатпай, тұрақты түрде қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келемін.Жыл басынан бері азық-түлік, көмір, киім-кешек тарату, мектеп құралдарымен қамтамасыз ету сияқты бірнеше игі істің басында болдым. Бұл жұмыстар халықтың алғысына ғана емес, өзімнің рухани өсуіме де үлкен әсерін тигізіп келеді», – дейді ол.
Ол атағандай, қазіргі таңда көмір базаларымен сөйлесіп, қыс маусымына дайындық жүргізіп жатыр.
«Қазіргі жоспарымыз бойынша шамамен жиырма тоннадай көмір алу қажет. Себебі халық тарапынан көмекке сұраныс көп, әртүрлі өтініштер келіп түсіп жатыр. Сол себепті осы көлемде көмір жеткізуіміз керек деп отырмыз. Сонымен қатар, алдағы жаңа жылдық мерекеге де дайындық жүріп жатыр. Жаңа жылдық сыйлықтар тек көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына ғана емес, жетім, жесір және ерекше қажеттіліктері бар (ДЦП) балаларға да таратылады», - дейді ол.
Сондай-ақ Ерлік Тілеубай Қонаев қаласындағы облыстық қарттар үйіне де көмек көрсеткен.
«Бұл сапарға мектеп оқушыларын да ертіп апардық. Мақсатымыз олар үлкендерді құрметтеуді, қарт адамдардың өмірін, олардың қандай жағдайда екенін өз көзімен көруі еді. Сол үшін арнайы автобус жалдап, оқушылармен бірге бардық. Кейбір оқушылар көздеріне жас алды. Балалар қарттарға концерттік бағдарлама қойып, жылы лебіздерін білдірді.Оқушыларым мені «Ерлік ағай – біздің Аяз ата» деп атайды. Себебі мен он үш-төрт жыл бойы Аяз ата рөлін атқарып келемін. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Дегенмен кейін түсіндім –алғашқы жылдары мен шынайы Аяз ата болмаған екенмін. Соңғы 9 жылда ғана бұл істің мәнін түсіндім. Нағыз Аяз ата болу – балаларға қуаныш пен үміт сыйлау, елге қамқор болу, шынайы көңілмен жақсылық жасау дегенді білдіреді», - дейді ол.
Ол ерікті ретінде балалардың арманын шынайы орындап келе жатқанын жеткізді.
«Сол сегіз жыл ішінде мен балалардың хаттарын жинап, әрқайсысына демеушілер тауып, тілектерін орындап келемін. Әр сыйлық – бір баланың арманы. Бұған дейін мектеп мұғалімдері мен ата-аналар дайындаған сыйлықтарды жай ғана таратып келген болсам, қазір әр балаға шын жүректен, нақты тілегі бойынша сыйлық табыс етемін.Меніңше, бұл іс бекерден-бекер берілген мүмкіндік емес. Сондықтан бұл жолда адал болуға, балалардың сенімін ақтауға тырысамын», - дейді волонтер.
Сонымен қатар ол» Талғар ауданы Қайнар округінің бастауыш партия ұйымының төрағасы екен.
«Маған қарасты тоғыз ауыл бар. Сол ауылдардың әрқайсысына қолымнан келгенше көмек көрсетіп, жанашыр ретінде үнемі халықтың арасында жүремін.Әр ауылда өз белсенділері мен ақсақалдары бар. Мен өз жұмысымнан ешқашан сыйлық немесе айлық талап етпеймін. Менің басты мақсатым халықтың алғысын алу, адамдардың «рақмет» деген жылы сөзіне ие болу. Сол сөз мен үшін ең үлкен марапат», - дейді ол.
Қайнар округіне қарасты тоғыз ауылдың ішінде төрт ірі мектеп бар: Еркін, Жалғамыс, Жаңалық және Еламан ауылдарындағы білім ордалары.
«Осы мектептердегі көпбалалы, жетім-жесір, инклюзив және ерекше қажеттіліктері бар (ДЦП) балаларға арнап демеушілердің көмегімен сыйлықтар тараттық. Бұл шара тек бір ауылдың немесе бір мектептің оқушыларына ғана арналмаған. Жалпы төрт мектептің балаларын қамтып, шамамен жүз елуге жуық балаға сый-сияпат берілді. Әр баланың сыйлығы өздерінің хаттары мен тілектеріне сәйкес дайындалды.Құдай қаласа, биыл да дәл осындай қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Демеушілерім үнемі «Көмектесеміз, балаларды назардан қалдырмаймыз» деп қолдау білдіреді. Солардың арқасында жыл сайын жүздеген баланың жүзінде күлкі, жүрегінде қуаныш ұялайды», - дейді Тілеубай.
Ерліктің бастамасымен және демеушілердің көмегімен соңғы жылдары:
Ол еріктілікті патриот болу ұғымымен егіз деп отыр.
«Нағыз патриот болу - туған жеріне, еліне адал қызмет ету. Патриотизм тек ұранмен немесе сөзбен шектелмеуі керек. Ол адамның күнделікті ісінен, ұстанымынан, өмірлік көзқарасынан байқалуы тиіс. Меніңше, патриот адам өз елінің мәдениетін, тілін, тарихын, дәстүрін құрметтеп, соны дәріптейтін тұлға.Патриот болу – еліңнің болашағына жауапкершілікпен қарау. Мысалы, өз мамандығың бойынша адал еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосу да Отанды сүюдің ең айқын көрінісі. Кейде адамдар патриотизмді тек батырлықпен немесе соғыспен байланыстырады, ал шын мәнінде, қарапайым еңбектің өзі елге қызмет етудің бір түрі», - дейді ол.
Ерлік Тілеубайдың айтуынша, волонтерлік қызмет пен патриоттық сезім – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.
«Волонтер болу – бұл тек қана уақытты немесе күшті белгілі бір іс-шараға арнау емес, ол өз еліңе, қоғамға деген шынайы жанашырлық пен жауапкершілікті көрсетудің ең көрнекті жолдарының бірі. Волонтердің ең басты мақсаты – жеке мүдде немесе материалдық пайда емес, ал басқалардың игілігі, қоғамның дамуы мен әл-ауқаты. Бұл қасиеттер әр адамның бойында патриоттық сезімді қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі болып табылады.Патриот болу дегеніміз өз елінің игілігі үшін еңбек ету, оның мәдениеті мен дәстүрін, табиғатын қорғау, қоғамның әртүрлі салаларына үлес қосу дегенді білдіреді. Ал волонтер осы патриоттық сезімді нақты іс-әрекеттер арқылы көрсетеді. Мысалы, табиғатты қорғау акциясына қатысу, қоршаған ортаны тазалау, су ресурстарын сақтау немесе ормандарды қорғау сияқты жұмыстар елдің табиғи байлығын сақтау жолындағы патриоттық іс-қимылдың көрінісі. Сол сияқты, мұқтаж жандарға көмек көрсету, балаларға қуаныш сыйлау, қарттар мен мүгедектерге қол ұшын беру бұл да өз еліңді сүюдің, қоғамға деген жауапкершіліктің нақты дәлелі», - дейді ол.
Ерікті атағандай, волонтерлік қызмет арқылы адам өз бойында адамгершілік қасиеттерді, мейірімділікті, жанашырлықты дамытады.
«Бұл қасиеттер патриоттық сезімнің негізін құрайтын маңызды элементтер. Яғни, патриоттық тек сөзде қалмауы керек, оны іс жүзінде көрсету қажет, ал волонтерлік осы іс-әрекеттің айқын көрінісі. Қорыта айтқанда, әр волонтердің ісі бұл елге деген сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің, жанашырлықтың және адамгершіліктің көрінісі. Волонтерлік арқылы жас ұрпаққа патриоттық сезімді тәрбиелеуге болады, өйткені жастардың бойына қоғамға пайдалы болу, өзгелерге көмектесу және елінің дамуына үлес қосу құндылықтары сіңіріледі. Сондықтан волонтерлік қызмет пен патриоттық сезім бір-бірін толықтырып, қоғам мен мемлекет үшін маңызды рөл атқарады», - дейді ол.
Қазіргі жастардың арасында отансүйгіш, елінің болашағына бейжай қарамайтын белсенділер көп. Олар түрлі қоғамдық бастамаларға қатысып, әлеуметтік жобаларды іске асырып жүр. Әсіресе, экологиялық, әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы жобаларға қызығушылық жоғары.
«Дегенмен, патриоттық тәрбие үздіксіз үгіт-насихатты, нақты қолдауды қажет етеді. Кейбір жастар әлеуметтік желіде патриоттық сөз айтқанымен, іс жүзінде белсенді бола бермейді. Сол себепті жастардың бойындағы елге деген сүйіспеншілікті іс арқылы көрсетуге бағыттау маңызды.Волонтерлік қызмет – қоғамды біріктіретін ерекше күш. Ол адамдардың жүрегіне мейірім ұялатып, өзара сенім мен қамқорлықты арттырады. Бір мақсатқа бірігіп, өзгелердің өмірін жеңілдетуге атсалысу нағыз бірліктің көрінісі. Волонтерлік қызмет арқылы адамдар тек жеке қажеттіліктерін ғана емес, сонымен бірге қоғамның жалпы игілігін ойлауды үйренеді. Бұл қасиет әрбір адамның бойында жауапкершілік пен азаматтық сезімді қалыптастырады, нәтижесінде қоғам әлдеқайда берік және біртұтас болады», - дейді Ерлік Тілеубай.
Оның айтуынша, еріктілердің еңбегі әлеуметтік байланыстарды нығайтуға да зор үлес қосады.
«Мысалы, табиғи апат кезінде көрсетілген көмек, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету, қарттарға жәрдем беру немесе балаларға білім мен мәдени шаралар ұйымдастыру бұл адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды әрекеттер. Осындай бірлескен істер қоғам мүшелерінің бір-біріне деген сенімін арттырады, әрқайсысы өз орнында маңызды екенін сезінеді. Сонымен қатар, волонтерлік қызмет қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға ықпал етеді. Қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсету арқылы қоғамда теңдік пен қамқорлық мәдениеті қалыптасады. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі және ол адамдар арасындағы қарым-қатынастарды мейірімді әрі сенімді етеді.Волонтерлік сонымен бірге жастардың патриоттық сезімін қалыптастырады, оларды қоғамға пайдалы іс-әрекеттерге баулиды. Жас ұрпақ еріктілердің үлгісінен қоғамның дамуына өз үлесін қосу қажеттігін түсінеді. Бірлескен іс-шаралар, акциялар мен жобалар адамдарды ортақ мүддеге бағыттайды, әрқайсысының қоғамдағы орны маңызды екенін көрсетеді», - дейді ол.
Ерлік Тілеубай атағандай», волонтерлік жұмыс қоғамның дамуына және бірлігін нығайтуға тікелей әсер етеді.
«Ол адамдарды біріктіреді, мейірім мен жанашырлықты оятады, әлеуметтік байланысты нығайтады және қоғам мүшелерінің бір-біріне деген сенімін арттырады. Сонымен бірге волонтерлік қызмет қоғамның дамуына үлес қосып, әрбір азаматты жауапкершілікке, бірлікке және өз Отанына деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді», - деді ол.
Тоғыз жылдық еріктілік кезінде есте қалған оқиға жайлы Ерлік Тілеубай айтып берді.
«Есімде ерекше қалған сәттердің бірі – қыстың суық күндерінің бірінде мұқтаж отбасыларға көмір мен азық-түлік апарғанымыз. Сол кезде кішкентай балалардың жүзіндегі қуаныш пен аналарының алғысы мені ерекше толқытты. Сол сәтте өз ісімнің маңызын сезіндім. Тағы бір есте қалған жайт – жыл сайын мектепте балаларға арналған «Аяз ата» акциясын ұйымдастыру. 13-14 жыл бойы осы шараға қатысып келемін. Ең бастысы – шын ниет. Егер көмектесуді жүрекпен қаласаң, волонтер болуға еш кедергі жоқ. Волонтер болу үшін үлкен іс атқару міндетті емес, кішкентай істерден бастау да жеткілікті. Қарт адамға жол беру, көшеде қоқыс жинау немесе ағаш отырғызу –осының бәрі игі бастама. Жастарға айтарым, волонтерлік саған рухани қуат береді. Өзге адамның өміріне аз да болса жақсы әсер ету үлкен қуаныш. Ең бастысы, жақсылық жасау ешқашан зая кетпейді», - дейді ол.
Ерлік Тілеубай мектепті патриоттық тәрбиенің ең алғашқы әрі ең маңызды ортасы деп санайды. Оның айтуынша, дәл осы ортада бала елге деген сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің және азаматтық сананың алғашқы негізін қалыптастырады. Ұстаздық қызметінде де ол оқушыларға патриоттық пен отансүйгіштікті әр сабақта, әр іс-шарада үнемі дәріптеп отырады.
«Балалар тек теория жүзінде емес, нақты істер арқылы елге қызмет етуді үйренуі тиіс. Мысалы, қарттарға көмектесу, сенбілікке қатысу, қайырымдылық жәрмеңкелері мен әлеуметтік жобалар ұйымдастыру осындай іс-шаралар оқушының бойында жауапкершілік пен елжандылық сезімін қалыптастырады», – дейді ол.
Ерліктің пікірінше, патриотизм тек мерекелік шараларда айтылатын ұран немесе салтанатты сөздермен шектелмеуі керек. Нағыз патриоттық сана күнделікті өмірде, қарапайым іс-әрекетте көрініс табады.
«Мұғалімдер мен ата-аналар да үлгі бола білуі керек. Балалар үлкендердің ісіне қарап өседі. Сондықтан патриоттық тәрбие тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, патриотизм ұлы батырлықтан емес, ең алдымен өз ісіне адалдықтан басталады. Әр азамат өз мамандығы мен ісін шынайы сүйіспеншілікпен атқарса, бұл – елге қосылған шынайы үлес.
«Әр адам өз ісіне адал болса – бұл елге қосқан ең үлкен үлес. Патриотизм үлкен батырлықтан емес, қарапайым жауапкершіліктен басталады. Дәрігер науқасты шын ниетпен емдесе, мұғалім оқушысына сапалы білім берсе, кәсіпкер адал еңбек етсе – осының бәрі ел игілігі үшін жасалған іс», – дейді Ерлік Тілеубай.
Сонымен қатар, ұстаз патриоттық тәрбиені тек елге қызмет етумен шектеуге болмайтынын айтады. Оның пікірінше, «заңды құрметтеу, салық төлеу, туған жердің тазалығын сақтау, ана тілін ардақтау – мұның бәрі патриотизмнің ажырамас бөлігі». Бұл – Отанға деген сүйіспеншіліктің күнделікті өмірде көрініс табатын нақты өлшемі.
Ерлік Тілеубай әр азамат өз орнында адал еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізсе, елдің де, ұлттың да өркендейтініне сенімді.
«Балалар үлкендердің ісіне қарап өседі. Сондықтан патриоттық тәрбие тек мектептің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.Әр адам өз ісіне адал болса – бұл елге қосқан ең үлкен үлес. Патриотизм үлкен батырлықтан емес, қарапайым жауапкершіліктен басталады. Дәрігер науқасты шын ниетпен емдесе, мұғалім оқушысына сапалы білім берсе, кәсіпкер адал еңбек етсе осының бәрі ел игілігі үшін жасалған іс.Сонымен қатар, заңды құрметтеу, салық төлеу, туған жердің тазалығын сақтау, ана тілін ардақтау – мұның бәрі патриотизмнің ажырамас бөлігі. Әр азамат өз орнында үлгі болса, еліміз де өркендей түседі», – дейді ол.