Биыл іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін өскен
Бүгін Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 9 айдың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биыл іске асырылып жатқан жобалар саны 29-дан 97-ге дейін өсті, тартылған инвестициялар көлемі 2,2 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде 50 жоба Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға енгізілді», – деді әкім.
Ірі жобалардың бірі – «Аягөз – Бақты» теміржол желісінің құрылысы. Жобаның ұзындығы 297,5 км, құны 577,5 млрд теңге. Құрылыс 2023 жылы басталған, қазіргі уақытта 30 млрд теңге инвестиция салынды. Нысанды 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Өнеркәсіп саласында Түркияның «Miryildiz Kz Ltd.» компаниясы 480 млн АҚШ долларына «Алтын өндіру фабрикасын салу» жобасын іске қосты. Биыл 14 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, олардың жалпы құны 25,9 млрд теңге, 453 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Қазіргі уақытта 7 жоба іске қосылып, 124 жұмыс орны құрылды.
Халықаралық ынтымақтастық та белсенді жүргізілуде. «Үлкен Алтай» халықаралық конференциясы аясында Қытай инвесторларымен 1,5 млрд АҚШ долларына 15 меморандумға қол қойылды. Қытайлық серіктестер қатысқан 3 жобаның жалпы сомасы 39,5 млрд теңгені құрап, іске қосылды.
Берік Уәли инвестиция тарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
«Жыл басынан бері мен 100 шетелдік инвестормен кездестім. Бұл – облыс экономикасының дамуына тың серпін береді. Біз алдағы уақытта да инвесторларға жағдай жасап, жаңа жобаларды жүзеге асыруды жалғастырамыз», – деді әкім.