Министрлік кеңседе емес, үйден жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға не істеу керек екенін айтты

Автор: Нұргүл Абай

Жұмыс беруші келісімін берсе, қызметкер қашықтан істей алады

Фото: istockphoto.com

Қазақстанның Еңбек кодексінде қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі көзделген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай жұмыс кестесі кімдерге белгіленетінін және қалай рәсімделетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызметкер де, жұмыс беруші де қашықтан жұмыс істеуге көшу туралы бастама көтере алады. Еңбек кодексінде қашықтан жұмыс істей алатын адамдар тобы нақты көрсетілмегендіктен, мұндай режим кез келген қызметкерге қолданылуы мүмкін. Бірақ көбіне бала күтетін адамдарға, уақытша еңбекке жарамсыз адамдарға, шалғай елді мекендерде тұратындарға және тағы басқа жағдайларда белгіленеді.

«Қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер үшін еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде белгіленген жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығына, бақылау ерекшеліктеріне шектеулер сақтала отырып, жұмыс уақытының тұрақты есебі белгіленеді. Қашықта жұмыс істегені үшін еңбекақы қызметкердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай еңбек шарттарында және жұмыс берушінің актісінде көзделген жұмыс көлемі аяқталғаннан кейін толық көлемде төленеді», - деп түсіндірді министрліктің мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Бибарыс Тәңірбергенұлы.

Егер төтенше не әскери жағдай, карантин немесе қызметкердің денсаулығына қауіп төндіретін басқа да ерекше жағдайлар болса, жұмыс беруші уақытша қашықтан немесе аралас жұмыс режимін енгізе алады. Бұл ретте қызметкерді жұмыс істеу үшін қажетті жабдықтармен, ақпараттық технология құралдарымен, байланыс қызметтерімен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ шығындарды өтеу жұмыс берушінің актісімен айқындалады.