$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.06.2020, 12:33
Қоғам

Петропавл түрмесіндегілер аяқ киім тігіп, қарызын қайтарып жүр

Тігіншілерге 42-45 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төленеді

Петропавл түрмесіндегілер аяқ киім тігіп, қарызын қайтарып жүр

Солтүстік Қазақстан облысында жазасын өтеушілер өздерін аяқ киіммен қамтамасыз етіп отыр. Петропавл қаласындағындағы ЕС-164/3 мекемесіндегі цехта қазірше 4 адам жұмыс істейді. Олар күн сайын былғары бәтеңкенің 8-10 жұбын шығарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

КӘСІП ТҮБІ – НӘСІП

Цех жұмысы таңғы 9-да басталады. Жазасын өтеушілер аяқ киімді пішу, қалыпқа салу, табандау сынды жұмыстардың барлығын өздері атқарады. Оған арналған арнайы тігін машинкалары мен қажетті құралдардың бәрі бар. Өндірісте былғары, резеңке сынды табиғи әрі сапалы материалдар ғана пайдаланылады.

Жоба Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорнының бастамасымен жүзеге асырылған. Мақсат –  аталған бағытқа жұмсалатын қаржыны үнемдеп, сотталғандарды еңбекке баулу, кәсіп үйрету. Кез келген кәсіп оларға бостандықта қажет болатыны айдан анық. Цехта бүгінде 4 адам жұмыс істейді. Солардың бірі – Илья Сапожников. 40-тан асып, 50-ге аяқ басқан азамат жас кезінде аяқ киім жөндейтін шеберханада еңбек еткен. Енді араға біраз жыл салып меңгерген кәсібін қайта қолға алды. Бір кездері аяғын шалыс басып, заң шекарасынан аттаған жазасын өтеуші бұл кәсібін бостандыққа шыққан соң да жалғастырмақ ниетте.

«Қазір аяқ киімді арнайы қалыпқа кигізіп шегелеймін. Бұл былғарыны кептіріп, оған қажетті форма беру үшін жасалады. 3-4 сағат күтіп, табанын жабыстыруға болады. Жұмыс өзіме қатты ұнайды. Күні бойы жұмыс істейсің, сейілесің. Әлдебір ойлар мазалап, жаныңды жеген кезде жұмысқа келіп, барлығын ұмытып кетесің. Құр қарап жүргеннен тәуір әйтеуір, жазамды өтеп шыққан соң көшеде қалмасыма сенемін. Өйткені, қолымда кәсібім бар. Кәдімігідей 9-да жұмысқа келеміз. Түскі үзіліс бар. Кешке дейін еңбектенеміз», - дейді Илья Сапожников.

Павел Рублев та екі қолға бір күрек тапқанына қуанышты. Тар қапаста етікші мамандығын меңгеріп, нәпақасын тауып жүр. Өзінің негізгі кәсібі – құрылысшы екен. Өткен күнін еске алудан тартынады. Ұрлық жасағаны үшін жазасын өтеп жүргенін айтады.

«Аяқ киімдерді басынан аяғына дейін өзіміз жасаймыз. Оны өзіміз киеміз. Жалақы да аламыз. Қазір менің аяғымдағы бәтеңке – өзімнің қолымнан шыққан. Біреуі пішсе, екіншісі детальдарын қосады. Қалыпқа тартып, табанын жабыстырамыз. Желімдеуге 9 сағат уақыт кетеді. Әбден кепкен соң – өнім дайын. Ең бастысы,  сапалы. Жағымсыз материалдан жасалған бәтеңке – адамның аяғын бүлдіріп, тері ауруларына шалдықтыруы мүмкін. Ал біздің аяқ киім таза екенін өзіміз жасап жүрген соң, білеміз», - дейді Павел.

4 адам орта есеппен, күніне 8-10 жұп аяқ киім тігіп шығарады. Жылдың әр маусымына байланысты тапсырыс түседі. Мәселен, мамыр айында сотталғандарға арнап 270 бәтеңке тіккен. Аяқ киімнен басқа, мұнда тігін цехы да бар. 12 тігінші сотталушыларға жазғы костюмдер тіккен. 200 костюмге тапсырыс түсіпті. Одан кейін тағы да 500 дана көрпе-төсек әзірленбек.

ЖҰМЫС ІСТЕЙТІНДЕРДІҢ КӨБІ – НЕСИЕ ҚАРЫЗЫНА БАТҚАН

Тігін цехына жұмысқа алынған сотталғандардың көбі бостандықта жүргенде қарызға батып, банктегі несиелерін төлей алмай, қара тізімге енген борышкерлер. Түзету мекемесінің басшылығы олардың берешектерін ескеріп жұмысқа алған. Тігіншілердің әрқайысысына ай сайын 42-45 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төленеді.

«Мұнда киім-кешек пен төсек жаймаларын, сондай ақ басқа да қажетті заттарды тігеді. Тапсырысты басқа колониялардан да аламыз. Цехта еңбек ететіндердің басым бөлігіне тігін машинасын қолдануды өзіміз үйреттік. Қалғандарының аз да болса тәжіриесі болды. Еңбек – тәрбиенің ең жақсы құралы. Сондықтан сотталушыларды еңбекпен қамту арқылы – оларды қылмыс әлемінен ажыратуға тиімді қадам жасаймз», - дейді СҚО Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/3 түзету мекемесінің бастығы Тамірлан Валиев. 

30 МЫҢҒА ЖУЫҚ МАСКА ТІГІЛДІ

Тігін цехына жұмысқа орналасқандардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Рустем Итбаев та бар. Ол жасаған қылмысына өкінеді, үйінде екі қызы күтіп жүргенін айтады. Бостандыққа шыққан соң балаларының жағдайын жасау үшін түрмеде меңгерген дағдысын кәсіпке айналдырмақ.

 «Менің жаза мерзімім бір жарым жыл. Осында наурыздың аяғында келдім. Мекемеде тігін цехі бар екенін естіп, жұмысқа тұруға өтініш жаздым. Өйткені, осы салада аздаған тәжірибем бар. Сот шығындарын төлеу керек. Үйге, туған-туыстарыма оралғым келеді. Осы мақсат жігерлендірді», - дейді жазасын өтеуші.  

Елімізде карантин басталғалы бері темір тордың ар жағындағы тігіншілер облыстық Полиция департаменті қызметкерлері мен Ұлтық ұлан әскери институтының курсанттары үшін 30 мың дана маска тігіпті. Артылғанын елордадағы күш құрылымдарына жіберген.

Түзету мекемесінің аумағында аяқ киім мен тігін цехтарынан бөлек, жылыжай бар. Омарта мен жиһаз цехы да жұмыс істеп тұр. Түрлі учаскеде барлығы 260 жазасын өтеуші еңбек етіп жүр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары