Нұр-Сұлтандағы әлеуметтік дүкеннен карантинде 700-дей отбасы тегін киінген

Автор: Azattyq Rýhy

«Қарқын» дүкенінің қожайынымен сұхбат

Фото: Нұрдәулет Абикеев

Нұр-Сұлтанда мұқтаж отбасыларға тегін киім-кешектерді қабылдап, оны таратумен айналысатын «Қарқын» дүкені бар. Аталған дүкеннен карантин кезінде 700-дей отбасы киінген. Azattyq Ruhy тілшісі аталған дүкеннің негізін қалаушы Қонысбаев Жандос Абумуталифұлымен сұхбаттасып,  ерекше жоба туралы толығырақ білді.

Әлеуметтік жобаның негізін құраушы Жандос Абумуталифұлы дзюдодан ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы,  одан бөлек, «Аltay ProTeam» залының қожайыны. Айтуынша, жобаның негізгі мақсаты – мұқтаждар мен қайырымды жандар арасында дәнекер болу.

«Бұл жобаның негізгі мақсаты – екі елдің арасында көпір болу. Яғни адамдар қажетін өтеген затын осы платформаға әкелсе, сол  затқа мұқтаждығы бар екінші адам соны тегін алып кете алады. Жалпы, бұл қоғамға бейімделген, жеңіл жоба деуге болады. Қазақстан сынды әлеуеті бар елге мұндай жобаның қажеттілігі сәл төмен, себебі, бұл кедей елдерге арналған жобаның бірі. Дегенмен, біздің елде осы жобаның өмір сүруі мұқтаж адамдардың басым екендігін көрсетіп отыр. Мақсатымыз – сол мұқтаждықты белгілі бір деңгейде өтеу», - дейді ол.

ӘР ОТБАСЫ 18 КИІМНЕН АЛА АЛАДЫ

Дүкенге келуші әрбір отбасы 18 киімнен ала алады. Келушілердің көп бөлігі жалғызбасты, көпбалалы аналар.

«Біз  дүкеннің жүйесі мен шартын қойдық. Мысалы, бізге 5 баласы бар ана келді делік. Ол 5 баласының әрқайсысына үш-үш киімнен алады. Егер 5 жасқа толмаған бала болса, 5 киім алады. Өзімен қосқанда 6 адам, сонда айына бір рет келіп, 18 киім алады. Тегін 18 киім бір айда бір отбасының қажетті деңгейдегі мұқтажын өтейді деп білемін. Киімді алар кезде ресепшнге барып,  аналар балаларының құжаттарын көрсетіп, өзінің әлеуметтік қай топқа жататынын дәлелдейді.

Содан соң киімдерді тегін алып кете алады. Негізінен келушілеріміздің дені көпбалалы, жалғызбасты аналар. Жалғызбасты аналардың екі түрі бар. Бірі №04 формасыменкелетін күйеуі қайтыс болғандар, екіншісі ажырасқандар. Біз кез келген нәрсені үлестіретін кезде, басымдылықты күйеуі қайтыс болғандарға беруге тырысамыз. Себебі, ана балалардың асыраушысы бар. Тура осы сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар, асыраушысынан айырылған көпбалалы аналар бар. Қаланы тазалайтын тазалықшылар да келіп, осыннан киінеді. Себебі, ол кісілерге киім қатты қажет, тазалық барысында киімдері кір болады, тез былғанады», - деді Жандос Абумұталифұлы.

ӘРБІР КЕЛУШІ 1000 ТЕҢГЕДЕН ҒАНА ТӨЛЕЙДІ

Аталған дүкен келушілерге пайдалы болғанымен, қожайынға ешқандай кіріс әкелмейді.  Ал жобаның негізін қалаушы Жандостың «Қарқын» қорынан басқа, бірнеше кәсібі бар.  

«Нарықтың заңымен қарағанда бұл дүкеннен маған пайда жоқ. Түптеп келгенде, адамдардың шынайы мұқтаждықтарын өтегеннен артық пайда бар ма?! Анығында, адамның болмысы туабітті жақсылыққа жақын болады ғой, бұл соған апарады. Адамның өзінің қосымша табысы болмаса, мұндай жобаның өміршең болуы екіталай. Ал менің бұдан бөлек, спорт залым, жеке сайтым сынды пассивті кіріс көздері бар», - дейді ол.

Ашылғанына 1 жыл 4 айдан асқан әлеуметтік дүкен тегін киімнен бөлек, төсек, балалар қоларбасы сынды заттарды да желідегі парақшалары арқылы таратады. Жандос мырза ғимаратты 600 мың теңгеге жалға алып отыр. Айтуынша, елордада осындай 6 дүкен бар.

«Қаладағы осындай басқа дүкендерді көрдім. Олардың кейбірі 150, 200 теңгеден киімдерді сатып жатты. Бірақ оған да ақшасы жоқ отбасылар болса, тегін беріп жатты. Бізде маусым айына дейін келушілер 1000 теңгеден тастап кетіп жүрді. Ол ақшаның бәрі ғимараттың жалға алынуына жұмсалды. Кейбір кісілер 1000 теңгені де бергісі келмей, «Мынау сенің заттарың емес қой» деп жатады.

Сонда ғимараттың жалға алынатын ақысын айтқың келеді. Абай тіленшілікке мұқтаждықтан емес, әдет болып кеткеннен баратындарға «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» дейді. Яғни көрген жерінен сауа беріп, өзінің ғана пайдасын ойлап, тегінге ынтызар болу – иттің ісі.  Кейде тегінге үйреніп қалған адамдар да келіп жатады.

Мысалы, біздің жасы 60-та, өзінің алты баласы бар тұрақты тұтынушымыз бар. Ол кісінің кенже ұлының жасы 35-те. Қарап тұрсаңыз, сол ананың балалары киімге мұқтаж ба?! Кейуана келіп тұрған соң, қолын қақпай береміз. Осындай оқиғалардан кейін дүкеніміздің ішіне Абайдың сөздерін қосып қойсақ дейміз. «Әсемпаз болма әр неге» дейді ғой, әркім өзіне керек затын ғана алып, қомағайлық танытпаса», - деді ол.

ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНГЕ КЕЛУШІ ЖҮЗ АДАМНЫҢ ТОҚСАН СЕГІЗІ – ҚАЗАҚ

Жоба авторы әлеуметтік дүкен ашу идеясы қайырымдылық жасап, қоғамға пайда тигізсем деген ниеттен туды дейді.

«Әрбір адам белгілі бір деңгейде өзінің қайырымдылығын жасайды. Біреу оны жасырып жасайды, енді біреу жария түрде жасайды. Бұл да бір ата-анамыздан үйренген нәрсеміз шығар деп ойлаймын. Карантинде  азық-түлік таратқан кезде көп отбасылар қиын жағдайда екенін өз көзіммен көрдім. Астанадағы «Оңтүстік-шығыс» ауданының кей тұрғындары Африка мен Сириядағы кей мұсылмандардан естіп жүрген  «Бүгін біз ыстық тамақ жейтін болдық» деген сөзді айтқанда, ұйқым қашты. Мұнда келуші 100 адамның тоқсан сегізі – қазақ. Демек, қазақ қауымы әлі мұқтаждықтың үстінде отыр», - деді ол.

СЕМЕЙДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ АСТАНАДАН ТӨМЕН

Әлеуметтік дүкеннен киініп жүрген кейбір мұқтаждар өз қалаларында кейіннен осы  жобаның аналогын ашқан.

«Өткенде  Семейден бір жігіт келді, төрт балама киімнің бәрін осы жерден алдым дейді. Енді осындай дүкенді өз қаласынан ашқысы келіп отыр. Бір жағынан, бізге алғысын айтып келіпті. Семейде халықтың жағдайы Астанадан төмен дейді. Мен ол жігітке риза болдым. Алғаш ашқан кезде саған 20-30 сөмке киім беріп жіберейік дедім. Қараңызшы, бір азамат өз мұқтаждығынан шықты, енді басқаның мұқтаждығымен айналысып жатыр. Жақсылық та жұғады.

Осындай жағдайлар орын алғанда, ары қарай тағы басқа жобалармен айналысқың келеді. Әр ауданға бір бір дүкеннен қойсақ дейміз. Содан соң «Бір отбасының қуанышы» деген жобаны қолға алмақшымыз. Елордамызда ұжымдар көп. Біз ұжымдарға хат жазамыз, біреуге мүгедектер арбасы керек, енді біреуге тағы бір зат қажет. Міне, аталған ұжымдар бір отбасының болсын қажетін алып беріп, оны келесі ұжымға жолдайды. Яғни, медиалық форматта жалғасып отырады.

Былтыр Шиеліде осындай дүкен ашылды. Мақтааралда ашылып жатыр. Елдің әкелгені елге жетіп отырғаны дұрыс. Маусым айында келуші өте көп болды. 17-18 күннің ішінде 700 отбасы келіп, мұқтаж дүниесін осы дүкеннен өтеп жатыр»,-деді ол.

 Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан