Жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын қызметкердің жеке шотына аудару: Аймағамбетов не дейді

Автор: Нұргүл Абай

Қазір жұмыс беруші төлейтін зейнетақы жарнасы шартты шотқа түседі және қызметкердің меншігі саналмайды

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда жұмыс берушілердің өз қаржысынан төлейтін міндетті зейнетақы жарналарының 4 пайызын қызметкердің жеке шотына аудару ұсынылды. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов те бұл ұсынысты қолдап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетері, қазір жұмыс берушілер өз есебінен қызметкерлерінің пайдасына зейнетақы жарналарын аударады. Алайда жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарналары жұмысшының жеке шотына емес, шартты шоттарға түседі және қызметкердің меншігі саналмайды әрі мұраға қалмайды. Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері 2028 жылға қарай 5 пайызға жетеді.

Енді сарапшылар осы 5 пайыздың 4 пайызын қызметкердің жеке шотына аударуды ұсынып отыр.

«Бүгін біз бірыңғай зейнетақы қорына өз табысымыздан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасын аударамыз. Бұдан бөлек, қазір жұмыс берушілер де өз есебінен жұмысшыларының пайдасына қосымша зейнетақы жарналарын аударып жатыр. Оның мөлшері біртіндеп 5 пайызға дейін жетеді. Енді осы жұмыс берушілер төлейтін 5 пайыздың 4 пайызын әр адамның жеке шотына аудару, ал 1 пайызын жалпы қорға жіберу туралы ұсыныс айтылды. Менің де позициям дәл сондай. Мен де осы ұсынысты қолдаймын және солай болуы керек деп санаймын», - деп пікір білдірді Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.