«Сюцай» ұйымын дін санатына қосу мүмкін емес: министрлік депутаттық сауалға не деп жауап берген

Автор: Бақыт Шынар

Министрлік 2023 жылы сараптама жүргізген екен

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Жуырда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына депутаттық сауал жолдап, елімізде «Сюцай» атауын жамылған топтар жабық форматта уағыз айтатытын, заңнамалық және нормативтік тұрғыдан осындай деструктивті қызметке қарсы қандай шаралар қабылданатынын сұраған еді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Депутаттың сауалына жауап берген министрлік өкілдері «Сюцай» бағытының жұмысына баға беру үшін осыдан 2 жыл бұрын сараптама жасалғанын хабарлаған.

«Министрлік өз құзыреті шегінде азаматтардың қоғамдық қауіпсіздігі мен рухани хал-ахуалына қауіп төндіретін деструктивті және алаяқтық құрылымдардың ықпалын анықтау және болдырмау бойынша кешенді және дәйекті жұмыс жүргізуде. Діни қызмет саласындағы өкілеттіктер шеңберінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 6) тармақшасына сәйкес 2023 жылғы қыркүйекте «Сюцай» ұйымының қызметіне қатысты интернет-сілтемелерге дінтану сараптамасы жасалды», - деп хабарлаған министрлік

Осы дінтану сараптамасының нәтижесі бойынша ұсынылған материалдардың мазмұны діни бағытта болмауына байланысты олар дінтану сараптамасының объектілеріне жатпайды (құрылымы, дін негіздері, діни практика, діни қызметтің нысандары мен әдістері жоқ) деп танылған екен.

«Яғни, «Сюцай цифрлық психологиясы» дегеніміз мәні бойынша астрологияға, нумерологияға және өзін-өзі тану тақырыбындағы субъективті интерпретациялар мен алыпсатарлықтарға негізделген және ғылыми расталмаған, діни мәртебесі жоқ бағыттарға ұқсас ұйым болып табылады.  Ашық дереккөздер мен бейнематериалдарды (шеберлік кластар) зерделеу нәтижесі діни қызмет пен табынушылық практикасы белгілерінің жоқтығын растайды. Бұл ретте осы ұйымды дін санатына қосу мүмкін емеc», - деп жауап берген министрлік.