«Қызым үшін барымды берер едім»: Алика Мұхамадиева сотта соңғы сөзін айтты (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Әйел кішкентай баласы бар екенін айтып, соттан жеңіл жаза сұраған

Фото: скриншот

«Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша сотталып жатқан 22 жастағы Алика Мұхамадиева сотта соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

Ол соңғы сөзінде де кінәсін мойындап, соттан жеңіл жаза сұраған.

«Жүрегімнен шыққан сөзімді бұған дейін де айттым. Бүгін де тіл тигізген адамдардан кешірім сұраймын. Бұным үшін қатты ұяламын және өкінемін. Соттан жаза тағайындарда кінәмді толық мойындағанымды, қатты өкінетінімді және кішкентай қызым бар екенін ескеруді сұраймын. Бұрын жоспарларымды орындау үшін қызымды ата-анама сілтей салатын едім, енді қызымның жанында болу үшін барымды беруге дайынмын», - деді сотта Алика Мұхамедиева.

Айта кетейік, Threads желісінде бір адамның жазбасына пікір қалдырған Алика Мұхамедиева мұсылмандар мен қазақ ұлтының азаматтарына тіл тигізген.

«Мұсылмандардың көбі шошқа сияқты, сіздерден кейін дәретханаға кіргенде ол жердің лас жататынын бірнеше рет байқадым. Тіпті, дәретхананың есігінің тұтқасы су қалпында тұрады. Сондықтан, үйлеріңнен шықпай отырыңдар», - деп жазған еді.

Сондай-ақ ол Қазақстан «мамбеттермен танымал» деген пікір қалдырып, көпшілікке тіл тигізген. Оның соты 3 қазан күні басталған еді.