«Халық заңгері»: ел бойынша 120 мың адам тегін құқықтық көмек алған
Олардың көбі алаяқтық пен заңсыз несие туралы көмек сұраған
Қазақстан бойынша өткен «Халық заңгері» республикалық акциясына 120 мыңнан астам адам қатысқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бас прокуратураның мәліметіне сүйенсек, акция 250-ден астам елді мекен мен ірі қалаларда өткен.
«Акция аясында 120 мыңнан астам адам өзін толғандырған құқықтық сұрақтар бойынша тегін әрі білікті кеңес алды», - деп хабарлайды прокуратура.
Акцияға қатысқан заңгерлер шетелдік колл-орталықтардың азаматтардың телефондарына жаппай қоңырау шалу, фишингтік сілтемелер жіберу және жоғары табыс уәде ету арқылы оларды «дропперлікке» (банк шоттары мен карталарын үшінші тұлғаларға беру) тартуымен байланысты интернет-алаяқтықтардың өсуіне орай азаматтарды бұл қылмыс түрлерінен қорғау бойынша нақты ұсыныстар айтқан.
Биылғы акцияға 4 мыңнан астам, заңгер, адвокат, нотариус қатысқан екен.