$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.06.2020, 00:59
Қоғам

«Қастандық теориясын талқылауға уақыт жоқ». Павлодар облысының әкімі тұрғындарға үндеу жариялады

Ол карантин шараларын берік ұстануға шақырды

«Қастандық теориясын талқылауға уақыт жоқ». Павлодар облысының әкімі тұрғындарға үндеу жариялады
Фото: instagram.com/skakov_abylkair

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өзінің Instagram парақшасында облыс тұрғындарын карантин шараларын берік ұстануға және дәрігерлерді қолдауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Құрметті жерлестер! Вирустың барына сенбейтіндер қалмағанына үміттенемін. Сіздердің көпшілігіңіз аймақтағы және елдегі эпидемиологиялық жағдайдың шынымен шиеленіскеніне куә болып отырсыздар. Қастандық теориясын талқылауға бұдан артық уақыт жоқ. Барлық айыптауларды кейінге қалдырайық. Бүгін біздің медицина қызметкерлерімен бірге болып, сана мен ынтымақтастықты көрсететін кез келді. Дәрігерлер бар күштерін салып, жұмыс істеуде. Пневмониямен және жедел респираторлық вирустық инфекциялармен ауыратын науқастардың саны тез өсіп жатыр», - деп жазды облыс әкімі.

Оның айтуынша, провизорлық ауруханалардағы орындар көбейді. Қазір онда 1316 адам ем алып жатыр. Жедел жәрдем күніне 1000-нан астам шақыруларды қабылдайды. 

«Енді елестетіп көріңіз: науқастарды қабылдау мен емдеу арасындағы аз ғана демалыс уақытында дәрігерлер әлеуметтік желілерге кіріп, олардың атына жазылған айыптарды оқиды. Бұл оларды ынталандыра ма? Жоқ. Көптеген медицина қызметкерлері бірнеше айдан бері туыстарын көрмей, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Олар жерлестердің қолдауына мұқтаж. Медицина қызметкерлеріне мейiрiмдiлiк танытып, оларға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын! Біз дәрігерлерге көмектесе аламыз. Ол үшін әрқайсымыз себепсіз далаға шыға бермей, адамдар көп шоғырланған жерден аулақ болып, барлық қауіпсіздік шараларын ұстанатын болсақ, аурудың таралуын бәсеңдетеміз. Үйде қалған бір күн сізді ауруханадағы екі аптадан сақтай алады!», - деп жазды Сқақов.

Ол 28 маусым күні карантинді күшейту қажетті шара екенін атап өтті. Оның айтуынша, облыс тұрғындары шектеулердің жеңілдетуiн пандемияның аяқталуы деп санап, санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қолдануды тоқтатқан. 

«Карантинді күшейту адамдардың көптеп жиналуын болдырмаудың жалғыз жолы болып көрінеді. Карантин шараларын адамдар өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамай, барлығына түсінушілік танытқан жағдайда ғана тоқтатуға болады. Құрметті жерлестер! Павлодар облысының тұрғындары әрдайым ынтымақтастық пен достығымен ерекшеленеді. Енді шыдамдылық танытып, денсаулық сақтау саласы тап болған жағдайға түсіністікпен қарап, ең жақсы қасиеттерімізді көрсететін кез келді. Мен өз тарапымнан жағдай бақылауда екенін сіздерге сендіргім келеді. Әрине, барлығы оңай емес, бірқатар сұрақтар бар. Бірақ олар бақылауда. Енді сіздің қолдауыңыз қарапайым дәрігерлерге де, денсаулық сақтау басқармасы мен аймақ басшылығына да қажет», - деді Әбілқайыр Сқақов.

Серіктес жаңалықтары