Қариялар алаяқтарға көп алданады
Қазақстанның Бас прокуратурасы еліміздегі үлкен кісілер мен олардың бала-шағасы үшін маңызды үндеу жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Бас прокуратура алаяқтар қарттардың цифрлық және қаржылай сауатсыздығын пайдаланып, оларды алдап соғады дейді.
«Құрметті қарттар мен олардың балалары және немерелері! Алаяқтар ақшаңызды алып, атыңызға несие рәсімдеу үшін телефон соғып, өздерін банк, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, әкімдік, тауар жеткізу немесе пошта қызметкері ретінде таныстырады», - дейді Бас прокуратураның ресми өкілі.
«Есіңізде болсын! Банктің қызметкерлері телефон арқылы ешқашан Сізге жеке ақшаңыз туралы айтпайды, SMS кодтарын немесе карта деректерін сұрамайды, қорқынышты сөздермен («Сіздің атыңызға несие рәсімделді», «Сіздің шотыңыз бұзылды») видеоқоңырау шалмайды. Егер Сіз ұялы телефоныңызға досыңыздан сілтеме алсаңыз, оны ашпаңыз, алаяқтар оның телефонын пайдаланып отыруы әбден мүмкін. Танысыңызға қайта қоңырау шалып, тексеріп көріңіз. Телефоныңыздағы SMS кодтар мен банк қолданбасының кодтарын ешкімге бермеңіз», - дейді Саян Әбденов.