«Өзің білме, білгеннің тілін алма». Сенат депутаты ДСМ коронавирусқа қарсы күресте бірнеше қателік жібергенін айтты

Автор: Azattyq Rýhy

Мұрат Бақтиярұлының айтуынша,  министрлік коронавирусқа дайын болмай шықты

Фото: ашық дереккөзден

Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа дайын болмай шыққанын және вирусқа қарсы күресте бірнеше қателік жібергенін жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Әлемнің әлегін шығарған індетке біздің Денсаулық сақтау министрлігі дайын болмай шықты. Мыңдаған дәрігер күндіз-түні дамылсыз, жанын салып жұмыс істеп жатыр. Оларға мың да бір рахмет! Бірақ індетке қарсы күресте ұйымдастыру жұмыстары барысында министрлік жүйелі түрде қателіктерге бой ұрғызды», - деп жазды сенатор.

Мұрат Бақтиярұлы үш ірі қалада тез арада жұқпалы ауруларға арналған модульдік аурухана салынғанын және оған 16 млд теңге жұмсалғанын тілге тиек етті.

«Бұлар көп болса бір мезгілде екі мың ауруға ғана қызмет көрсете алады.   Қазір індет бой бермей күннен күнге ушығып бара жатыр. Ал еліміз үш қаладан ғана тұрмайды, одан бөлек он төрт өңір бар. Сондықтан, барлық өңірлердің облыс орталықтарындағы ірі ауруханалар мен жабық спорт сарайларын, қонақ үйлерді алдын ала  жұқпалы ауруларға дайындау керек еді.  Ал қазір ауырған адамдардың басым көпшілігі үйлерінде жатыр. Мамандардың жетіспеуіне қатысты ерікті түрде зейнетте жүрген дәрігерлерді, медициналық оқу орындарындағы студенттерді, керек болса шетелдерден білікті мамандарды тарту жұмыстары жүргізілмей қалды», - деп жазды ол.

Сенатор елде дәрі-дәрмек, тест сынамалары тапшылығының болуы, бар дәрілердің бағаларының шарықтап кетуі түсініксіз дүние екенін айтты.

«Елдегі тұрмыс жағдайы төмен жүз мыңдаған азаматтың медициналық маска алуға мүмкіндігі жоқ. Оның да жолын табуға мүмкіндіктер бар еді ғой. Сенат қабырғасында осы мәселелердің барлығы көтерілді.  Бірақ Министрлік «Өзің білме, білгеннің тілін алма» деген принципте қалды. Сонымен қатар наурыз-сәуір айларында бір ғана пәтердегі азаматтан короновирус анықталса, сол көп қабатты ғимарат түгелімен апталап жабылып қоршауға алынды. Ал қазір ше? Отбасымен ауырып үйлерінде тұрып жатқандар өте көп. Ешқандай логикаға сыймайды», - деп жазды Мұрат Бақтиярұлы.

Ол жаңа министрдің алдында адам өміріне қатысты көп ұйымдастыру жұмыстары тұрғанын айтты.

«Елдегі індеттің өршуі мен ауырған адамдарды емдеу шараларының төмендігі халықты қатты алаңдатып отыр. Үкімет жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып тез арада жүйелі шешімдер қабылдауы керек», - дейді депутат.