Астанада тұратын көпбалалы ана эпилепсиямен ауыратын күйеуін емдету үшін 13 микронесие алған

Автор: Бақыт Шынар

Оның жалпы несие қарызы 4,6 млн теңгеден асып кеткен

Фото: istockphoto.com

Астанада тұратын көпбалалы ана (оның үшеуі кәмелет жасына толмаған) банкрот бола жаздаған. Алайда, қазір тұрақты жұмысы бар болғандықтан, ол сотқа жүгініп, банкроттықтың орнына төлем қабілетін қалпына келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Астана соттарының мәліметіне сүйенсек, қиын жағдайға тап болған кезде ол әйел 2018 жылдан 2024 жылға дейін ол жалпы сомасы 4,6 миллион теңгеден астам несие мен микронесие рәсімдеген екен.

«Несиеге алған ақшаның бір бөлігі эпилепсиямен ауыратын, ІІ топ мүгедектігі бар жұбайының еміне жұмсалған», - деп хабарлайды Астана соттары.

Кезінде кәсібі бар әйел 2021 жылы оны тоқтатуға мәжбүр болған. 2022 жылы акционерлік қоғамға жұмысқа тұрып, қазір 240 мың теңге жалақы алады екен. Жолдасы екеуінің иелігінде мүлік жоқ, ата-енесімен тұрады.

«Сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану туралы өтінішпен жүгінген азаматша микронесиелердің бір бөлігін банктегі несиелерін жабу үшін алғанын айтқан. Жалпы, оның 2 банк пен 13 микрокаржы ұйымы алдында 4,6 миллион теңге қарызы бар», - деп хабарлайды сот.

Соңғы рет ол 2024 жылдың сәуірінде несиесінің бір бөлігін ішінара жапқан көрінеді. Соны ескерген сот әйелді банкрот деп таппай, оның төлем қабілетін қалпына келтірді.