Қазақстанда соңғы бес жылда қылмыс деңгейі екі есе төмендеді – зерттеу
ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері елде 13 миллионнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілген

Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздік жүйесі жетіліп келеді. Соңғы жылдары елде қылмыс азайып, ашылған істердің үлесі айтарлықтай артты. Бұл туралы Ranking.kz хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздік жүйесінде екі тұрақты үрдіс байқалады: жалпы қылмыс деңгейінің төмендеуі және қылмыстық істердің ашылу көрсеткішінің артуы.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің (ҚСжАЕ) дерегінше, қылмыстық істердің ашылу деңгейі 2023 жылдан 2025 жылғы қаңтар-тамыз аралығына дейін 10 пайызға өсіп, 46,3%-дан 56,3%-ға жеткен. Өсу қарқыны біртіндеп болғанымен, ең айқын нәтиже 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында тіркелді. Осы кезеңде қылмыстық істердің ашылу көрсеткіші шамамен 5 пайыздық тармаққа артты.
Кей өңірлерде көрсеткіш республикалық орташа деңгейден асып түсті. Мысалы, Атырау облысында ашылу деңгейі бірден 13,2 пайызға өскен. Ал қылмыс ең көп тіркелетін Алматыда бұл көрсеткіш 10 пайызға артқан. Ең жоғары нәтижелер Маңғыстау (79,4%), Түркістан (77,1%) және Батыс Қазақстан (72,7%) облыстарында байқалды.
«Қылмыстардың ауырлық санаттары бойынша 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында аса ауыр қылмыстардың ашылуы ең жоғары болды – 96,1%. Ал ауыр қылмыстар бойынша бұл көрсеткіш 68%-ды құрады.
Мүліктік қылмыстарды (ұрлық, алаяқтық) ашу қиынырақ. Мұндай істердің ерекшелігі – жасырын сипаты мен жасалу тәсілдерінде. Мысалы, биылғы қаңтар-тамыз айларында ұрлықтың ашылуы 64% болды, бұл өткен жылғы 55,4%-дан жоғары.
Алаяқтық – ашылуы ең қиын қылмыстардың бірі. Биылғы сегіз айда алаяқтық істердің ашылуы 41,3%-ды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға жоғары (2024 жылы – 38,9%). Мұндай қылмыстар интернет арқылы, оның ішінде жасанды интеллект технологияларының көмегімен жасалады.
Онлайн-алаяқтарға қарсы күрес үшін Ішкі істер министрлігі жанынан киберполиция бөлімшелері құрылды. Олардың қызметкерлері цифрлық қылмыстарды тергеумен қатар, азаматтар арасында онлайн-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жүргізеді. Polisia.kz порталының мәліметінше, полицейлер халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, жаңа алаяқтық тәсілдері мен қорғану жолдарын түсіндіреді», – делінген зерттеу материалында.
Енді жалпы қылмыс деңгейіне тоқталсақ. ҚСжАЕ деректері бойынша, соңғы жылдары Қазақстанда жалпы қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш әр 10 мың адамға шаққанда 70 жағдай болса, 2024 жылы – 66, ал 2025 жылдың сегіз айында 65 жағдайды құраған.
2019 жылмен (коронадағдарысқа дейінгі кезең) салыстырғанда айырмашылық айтарлықтай: ол кезде қылмыс деңгейі 10 мың адамға шаққанда 131 жағдай болған.
Абсолютті көрсеткіштер де төмендеуде: биылғы қаңтар-тамыз айларында елімізде 88,4 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген, бұл былтырғыдан 7,3%-ға аз.
Қылмыстардың ауырлық санаты бойынша жағдай былай өзгерді: ауыр қылмыстар саны 4,9%-ға өскен, ал орта және жеңіл дәрежедегі құқықбұзушылықтар тиісінше 11,7% және 14,3%-ға азайған. Бұл көрсеткіштер теріс үрдіске жатпайды. Мұндай динамика көбіне жауапкершіліктің күшеюімен және кей істердің ауыр санатқа ауыстырылуымен байланысты.
2024-2028 жылдарға арналған «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасы» авторларының пікірінше, бұл үрдіс 2019 жылдан бері байқалады, сол жылы мүлікке қарсы, жыныстық қолсұғушылық және есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік күшейтілген болатын.
Жалпы қылмыс құрылымында ең көп кездесетіні – жеңіл және орта дәрежелі құқықбұзушылықтар. Барлық тіркелген істің жартысынан көбі – мүліктік қылмыстар.
Мысалы, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында «Алаяқтық» бабы бойынша 31,8 мың іс тіркеліп, 2,2%-ға артқан. Ал ұрлық бойынша 16,5 мың құқықбұзушылық тіркелді, бұл былтырғымен салыстырғанда 25,8%-ға аз.
«Мұндай оң динамика – құқық қорғау органдары жүргізіп отырған алдын алу жұмыстарының нәтижесі. Биылғы сегіз айда қоғамдық орындарда жасалған құқықбұзушылықтар саны 10,2%-ға азайып, 24,1 мың жағдайды құраған.
Жалпы алғанда, ІІМ мәліметінше, жыл басынан бері елде 13 миллионнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға көп.
Қазір Қазақстанда қоғамдық қауіпсіздік жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр. Негізгі басымдық – қылмыстың алдын алу. Осы мақсатта ІІМ мамандары жаңа «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасын әзірледі. Құжат қазір Мәжілісте қаралып жатыр және бес заңның нормаларын біріктіреді. Онда профилактика шараларын ІІМ, әкімдіктер және жергілікті қауымдастықтар арасында бөлу қарастырылған», – делінген Ranking.kz материалында.