Қазақстанда 18 жасқа толмаған екі қызды алып қашқандарға қатысты қылмыстық іс тіркелді

Автор: Бақыт Шынар

Жалпы ел бойынша төрт аймақта жаңа баппен істер қозғалған

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстанда қыз алып қашуға қатысты алғашқы төрт қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Неке қиюға мәжбүрлеу фактілері бойынша алғашқы қылмыстық істер Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді. Айта кетерлігі, екі жағдайда жәбірленушілер кәмелетке толмағандар болған», - деп хабарлайды Бас прокуратура.

Айта кетейік, 2025 жылғы 16 шілдеде Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері жөніндегі Заңға қол қойған болатын. Сол заңға сай, қыз алып қашқандардың әрекеті қылмыстық кодекске еніп, жазасы күшейген.

«Егер әйел адам ұрланып, күш қолдану қаупімен немесе мүлкін жою не бүлдіру қатерімен неке қиюға мәжбүрленсе, кінәлі адамға 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салу, не дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не 2 жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Абайсызда ауыр зардаптар туындаған жағдайда - кінәлі адам 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына тартылады», - деп ескертеді Бас прокуратура.