«Атамекен» ҰКП басшысы халықты ағартумен айналысатын қор құруды ұсынды
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов әлеуметтік желі арқылы «элитаға» үндеу тастады, деп жазады inbussiness.
«Бұл вирус бізді тәртіпке үйрете алмады. Оны мойындайық. Көп нәрсеге сенбедік, немқұрайлы қарадық. Өзінің ауласында той жасап жатқандар бар әлі де. Бір жағынан ызаланасың, бір жағынан түсінуге тырысасың. Осындай кезде беташар жасап, туған күн жасау – ақылға сыймайтын дүние. Мына қара вирус халқымызды ойландырса екен. Қай қасиетімізді дамытып, қай қасиетімізден арылу керектігін ойланайық», – деді ол.
Кәсіпкерлер палатасының төрағасы мұндай күрделі кезеңде өзін «элита» атап жүрген қаржылы топтар мен білімді азаматтардың да індетпен күреске ағартушылық сипатта атсалысуы керектігін ашып айтты.
«Бұрын интеллигенция деуші едік, қазір «элита» дейміз. Сол «элита» осындайда жауапкершілігін көрсетуі керек. Бірігетін күн туып тұр. Ағарту мәселесін қолға алуымыз керек. Бөлінуді, амбицияны қою керек. Бас бірікпей бұл жағдайдан шығу қиын. Бәрін билікке итеріп қойып, таңнан кешке дейін соны жазғырғаннан ауру жоғалып кетпейді. Билікте де өз қандастарымыз жүр. Ішінде ісіне адалдары да бар. Олардың ішінде де ауырып жатқандар көп. Зейнолла Кәкімжанов, Нұржан Әлтаев сияқты азаматтардың айтып, жазып жүргендері елдің көңілінен шығып жатыр. Соларды қолдап әкетейік. Осындай ниеттегі азаматтардың басын біріктіріп, қоғамдық қозғалыс бола ма, қоғамдық мекеме бола ма, қор бола ма бір ұйым құрайық. Бұған мен азамат ретінде, «Атамекен» ҰКП басшысы ретінде атсалысуға дайынмын. Элита қазір халықпен бірге болып, жол көрсетуі керек», – деді «Атамекен» ҰКП басшысы.