Олар ауа райы жақпағаннан емес, күйіміздің болмағанынан көштік деп отыр
Елімізде 2017 жылдан бері нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Көзделген мақсат – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы сынды жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. Бағдарлама іске қосылғалы бері Қызылжар өңіріне 1 531 отбасы қоныс аударған. Алайда олардың қатарында туған өңірлеріне қайта көшіп кетіп жатқандары да бар. Мемлекет тарапынан төленетін қомақты қаржыны қайтарып беруге мәжбүр болатынына қарамастан, халықтың ерсілі-қарсылы көшуінің себебі неде? Azattyq Rýhy тілшісі анықтап көрген еді.
АУА РАЙЫ МА ЖАҚПАҒАН?
Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысына 736 отбасы, яғни 2 223 адам көшіп келген. Олар Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларынан қоныс аударған. Алайда 22 отбасы теріскейде тұрақтауды жөн көрмепті. Мемлекет тарапынан берілген қыруар сомадағы материалдық көмекті қайтарып беруге мәжбүр болғанына қарамастан, 77 адам өз өңірлеріне қайта кетіп қалған. Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов бұл құбылысты түрлі себептермен түсіндіруге тырысты.
«Бұл отбасылардың кетіп қалуының басты себептерінің бірі – солтүстіктіктің климатына үйрене алмауы, кейбіреулерінің денсаулығының нашарлауы, отбасында туындаған мәселелердің салдары. Сондай-ақ, қоныс аударушылардың кейбірінің несие қарыздары болғандықтан, банктер олардың шоттарын бұғаттап тастаған. Осы себепке байланысты олар мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға төленетін субсидияларды ала алмай, өз өңірлеріне қайта кетіп қалған болатын», - дейді ол.
«АЙЛЫҒЫМ 27 МЫҢ ТЕҢГЕ БОЛДЫ»
Серік Қабыл – Қытайдан көшіп келген қандасымыз. 2017 жылы Аққайың ауданының Аралағаш ауылына қоныс аударған. Теріскейде отбасымен бір жыл қоныстап, Нұр-Сұлтан қаласына кеткен. Мемлекеттік бағдарламаға өкпесі қара қазандай.
«Материалдық көмек әйелім екеумізге ғана төленді. Балаларымның «оралман» куәлігінің мерзімі өтіп кетіпті. Сол қаржыны алу үшін де біраз уақыт жұмсап сенделдік. Жергілікті мектепке жұмысқа қабылдандым. Айлығым 27 мың теңге болды. Бүгінгі күні бұл қаражаттың ештеңеге жетпесі анық. Осылай бір қыс жұмыс істеп, жанымды бағып шықтым. Әкімдік 5 текше метр отын берді. Көмірді күте-күте ала алмадым. Амалсыздан көктемде астанаға кетіп, қытай компаниясына жұмысқа кірдім. Кетіп қалуымның басты себебі – жұмыс жоқ. Әкімдіктің «суыққа шыдамай жатыр» дегені бос сөз. Облыс орталығына барып жұмыс істейін десек, орыс тілін білмейміз», - дейді ол.
«Еңбек» бағдарламасына қатысушылар қоныс аударғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Жұмыс болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына жолдама беруі шарт. Бағдарламада өз ісін ашып, кәсіпкер болғысы келетіндерге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылған. Қоныс аударушылар 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант немесе микронесие алып өзінің жеке кәсібін аша алады. Ал біздің кейіпкеріміз Серікке бұлардың бірі де ұсынылмаған. Бұл – мемлекеттік бағдарламаның тиісті деңгейде жүзеге асырылмай жатқанының бір айғағы.
Ал Солтүстік Қазақстан облысында механизаторлар, мал дәрігерлерлері, зоотехниктер тапшы. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық саласына да мамандар керек.
МАТЕРИАЛДЫҚ КӨМЕКТІ ҚАЙТАРМАҒАНДАР СОТТАЛАДЫ
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне сәйкес, «Еңбек» бағдарламасына қатысушы әрбір адамға бір рет 35 АЕК ( 97 230 теңге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ, он екі ай бойы ай сайын тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу мақсатында отбасындағы адам санына байланысты 15-тен 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде субсидия төленеді.
Қоныс аударушылар түрлі себептерге байланысты шығу өңірлеріне қайта оралған жағдайда субсидияны ерікті түрде қайтарып беруі шарт. Егер ол жүзеге асырылмаса, жергілікті атқарушы органдар сот көмегіне жүгінеді.
«Жалпы, қоныс аударушыларды өңірлік квотаға қосқаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орталығы мен бағдарлама қатысушысы арасында «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу бойынша мемлекеттік қолдау көрсету туралы» әлеуметтік келісімшарт жасалады. Бұл келісімшартта тараптардың құқықтары, міндеттері және жауапкершіліктері көрсетілген. Кетіп қалушылар сол құжатқа сәйкес алған қаражатын қайтарып беруі тиіс», - дейді Азамат Қошманов.
«ЖАҚСЫ ҮЙЛЕР ТАМЫР-ТАНЫСЫ БАРЛАРҒА ТИЕДІ...»
Рахым Бөкен теріскейге өткен жылы Тараз қаласынан қоныс аударған. Бір жыл ішінде Солтүстік Қазақстан облысының аумағында бес рет көшіпті.
«Келген бетте Аққайың ауданының Черкасское ауылында қоныстанбақ болдық. Жауапты тұлғалар үйдің дайын екенін айтқан болатын. Келсек құрылысы да басталмаған. Әкімдік өкілдері бір-екі аптада баспана салынып бітетінін айтты. Күтіп, бір ай күнелттік. Одан кейін биыл бізге баспана кезегі келмейтінін айтты. Бескөлге көштік, 2 ай тұрып, Бәйтерек ауылында жаңадан салынған екі үйдің біріне қоныстанбақ болдық. Бірақ оның едені болмағандықтан, кіре алмадық. Ол сол бойы жөнделген жоқ. Осы күнге дейін Бескөлде пәтер жалдып тұрып жатырмыз. Биыл Подгороне ауылында салынған үйлерді ұсынды. Алуға бел байладық», - дейді ол.
Подгорное ауылындағы үйдің құрылысы жақында аяқталған. Соған қарамастан құрылысы талапқа сай жүргізілмеген нысанның едені көгеріп, асты шіріп жатыр. Рахым Ботай жаңа баспананы өз күшімен жөндеуге кірісіп кеткен. Қазір көгерген еденді қопарып әлек. Орнына жаңасын салу керек. Басқа амал жоқ.
«Былтыр Бескөлге көшкен бетте әкімдік өкілдері Бәйтеректе саланып жатқан үйлердің бірін көрсетіп, беретіндіктерін айтқан болатын. Алайда ол бізге тимеді. Үйді салған адам өз жұмысшысына бергендігін айтты. Жақсы үйлерді жергілікті билік өкілдерінің туыстары алып қойып жатқан жай бар. Нұр-Сұлтан қаласы да мемлекеттік бағдарламаға енді. Бір кездері астанаға кеткен жергілікті азаматтардың арасында қайта келіп, таныстықпен жақсы үйлерді алып жатқанын аңғардым», - дейді ол.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысына 453 отбасына арналған квота бөлінген. Әзірге 203 жанұя көшірілген. Олардың да Рахым Бөкен мен оның отбасының кебін кимесіне кім кепіл?!
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО