$ 541.54  629.16  6.64
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Мұғалім Talks» жобасына қатысқан ұстаз білім саласында жасанды интеллектіні қалай қолдану керегін айтты

Ол жасанды интеллекттен келетін қауіп туралы да сөз қозғады 

«Мұғалім Talks» жобасына қатысқан ұстаз білім саласында жасанды интеллектіні қалай қолдану керегін айтты
Фото: Асхат Мұхановтың жеке мұрағатынан

Семей қаласындағы Рымбек Байсеитов атындағы қаржы-экономикалық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Асхат Мұханов AMANAT партиясының ұйымдастыруымен өткен «Мұғалім Talks» жобасына қатысып, білім беру саласында жасанды интеллектіні қалай тиімді пайдаланып жүргені туралы айтып берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мұғалім Talks» бүгінде ұстаздардың кәсіби көзқарасын ашық білдіріп, білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын ерекше алаңға айналды. Асхат Мұханов та осы жоба арқылы тәжірибесін бөлісіп, жаңашыл ойларын ортаға салды.

«Мұғалім Talks» ұстаздарға қоғам алдында ашылып сөз сөйлеуге, ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік беріп отыр. Алғаш рет жобаны YouTube-тен көрдім. Содан кейін өзім қатысып көрсем деген ниет оянды. Биыл өтініш беріп, үміткерлердің арасынан таңдалдым. Бұл жобаға көбінесе мектеп мұғалімдері қатысады, ал мен колледж педагогтары арасынан шыққан жалғыз спикер болдым. Көпшілікке жасанды интеллектіні баланың дамуына зиян келтірмей, керісінше, оқушының қабілетін дамытуға бағыттап қолдану жолдарын жеткізгім келді», - деді ол.

Асхат Мұханов «Жасанды интеллект және оның білім жүйесіндегі мүмкіндіктері» тақырыбын талдады.

«Қазір жасанды интеллект тек IT саласында емес, медицина, құрылыс, өндіріс салаларында кеңінен қолданылады.Мысалы, медицинада AI арқылы диагноз қою тәжірибесі бар. Сол сияқты біз де білім беру саласында AI-ды тиімді қолдана аламыз», – дейді ол.

Педагогтың пікірінше, жасанды интеллектіні жастарға жауапкершілікпен қолдануды үйрету керек. Бүгінде қаржы-экономикалық колледждің оқу-өндірістік үдерісіне жасанды интеллект элементтері енгізілген.

«Студенттерді өндірістік тәжірибеге жіберер алдында сауалнама аламыз. Оның қорытындысын жасанды интеллект талдап, студенттің қай салаға бейімі барын анықтап береді. Осылайша жұмыс та жеңілдейді, студенттің қызығушылығына сәйкес мамандықты таңдауы да оңайлайды», – дейді ол.

Асхат Мұханов колледж студенттері мен мұғалімдерінің AI-ды қалай қолданып жүргені туралы айтты.

«Егер студент техникалық бағытта оқыса, AI арқылы өндірістегі есептерді шешуді меңгереді. Ал бухгалтерлік мамандықта оқитындар есеп-қисаптағы қателіктерді табу мен деректерді талдау үшін пайдалана алады. Ал ұстаздарға уақыт үнемдеуге көмектеседі. Мысалы, әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды дайындауда немесе сабаққа геймификация элементтерін енгізуде таптырмас құрал. Тіпті қырық бес минуттық сабақты жеңілдетіп, бағалау процесін автоматтандыруға да болады», - деп түсіндірді ол.

Алайда педагог жасанды интеллектіні қолдану кезіндегі қауіптерді де назардан тыс қалдырмау керек дейді.

«Білім-ғылым саласында академиялық адалдыққа сын келтіріп, сыни ойлаудың төмендеуі мүмкін. Сондықтан AI құралдарын саналы түрде қолдануы керек. Егер біз балаларды дұрыс ақпарат іздеуге үйретсек, онда жасанды интеллект тек пайда әкеледі», – деді ол.

Асхат Мұхановқа «Мұғалім Talks» жобасының кәсіби және рухани тұрғыда үлкен әсер қалдырғанын атап өтті.

«Шынымды айтсам, алғаш сахнаға шыққанда қобалжыдым. Кей сөздерімді ұмытып та қалдым. Бірақ осы жоба маған мінсіздікке емес, шынайылыққа ұмтылу керегін сезіндірді. Мұғалім өз ойын ашық айтып, пікір білдіруден қорықпауы керек. Біз көбінесе өз ойымызды айтудан жасқанамыз, қоғамның сынынан қашамыз. Жоба сол қорқынышты жеңуге көмектесті. Мұғалім Talks арқылы мен шынайы пікір айтудың маңызын түсіндім. Сол үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», - деді ол.

Мұғалімнің айтуынша, «Мұғалім Talks» секілді бастамалар қоғамдағы ұстаз мәртебесінің арттыруға септігін тигізіп отыр.

Серіктес жаңалықтары