Енді Қазақстанда қызға телефонмен неше түрлі хат жазып, мазасын алғандар да жазаланады

Автор: Нұргүл Абай

Телефон немесе әлеуметтік желі арқылы мазалау да қылмыстық құқықбұзушылық, дейді мәжілісмен

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда әйелге телефон арқылы әдепсіз, дөрекі хабарламалар жіберіп, оның мазасын алатындар жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Көпшілік біле бермейтін шығар, сол үшін түсіндіре кетейін: егер бір ер адам телефон арқылы, не әлеуметтік желі арқылы әйелге түрлі хабарламалар жіберіп, оның мазасын алса, бұл қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады. Әзірге бұл үшін түрмеге қамамайды, бірақ ол қоғамдық жұмысқа тартылады, яғни қоғам алдында жазаланады, қылмыстық бап бойынша сотталады», - деді Әбенов Мәжіліс кулуарында.

Депутат заңға «сталкинг» деген жаңа бап енгізілгенін еске салды. Яғни бір адам біреуді үнемі аңдып, оған жазып, мазасын алса, полиция оған айыппұл салады. Бұл шара ауыр қылмыстардың (мысалы, зорлау немесе адам ұрлау сияқты) алдын алуға көмектеседі, дейді ол.

«Мысалы, жақында Алматыда бір шаштараз ба, әлде би мұғалімі ме, 12 жастағы қызға неше түрлі хабарлама жазған. Бұл — қылмыс. Тіпті ата-аналардың да оны жасыруға құқысы жоқ. Егер туыстары мұндай істі жасыратын болса, олар да сыбайлас болады. Мен осыны қоғамға жеткізуді сұраймын», - деді Әбенов.