Негізінде, талап бойынша, бұл ұшақтар 15-20 жылдан кейін ұшпайды
Парламенті мәжілісінің депутаты, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Темір Қырықбаев еліміздің әуе кеңістігінде техникалық және экологиялық тұрғыдан ескірген Як-40 жолаушылар ұшағына қатысты Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа депутаттық сауал жолдап, ұшақтың ұшуына мүлде тыйым салуды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, бұл ұшақтардың өндірісі сонау 1981 жылы тоқтаған, яғни олардың жасы бүгінде 44 пен 55 жыл аралығында. Бұл — әлемдік стандарт бойынша аймақтық авиациядағы ұшақтардың орташа шекті жасынан (15–20 жыл) екі есе ескі деген сөз.
Қырықбаевтың мәліметінше, Як-40 ұшақтары өткен ғасырдың 60-жылдары жасалған АИ-25 маркалы қозғалтқыштарымен жабдықталған. Бұл қозғалтқыштардың өндірісі 1980 жылдардың соңында тоқтатылған, ал оларды шығарған украиналық «Мотор Сич» зауыты 2022 жылы қирап, жабдықтарының бір бөлігі демонтаждалған.
Сондықтан бүгінде:
Яғни, Қазақстанда ұшып жүрген Як-40 ұшақтары техникалық қызмет көрсету мен қауіпсіздік тұрғысынан халықаралық талаптарға сай емес.
Депутат атап өткендей, Як-40 ұшақтары ICAO (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) бекіткен шу мен зиянды шығарындыларға қойылатын заманауи стандарттарға сәйкес келмейді.
Осы себепті мұндай ұшақтарды пайдалануға Еуропалық Одақ аумағында 2002 жылдың 1 сәуірінен бастап тыйым салынған. Бірақ, соған қарамастан, Қазақстанда бұл ескі әуе кемелері әлі де санитарлық авиацияда — яғни науқастарды тасымалдап жүр.
«Адам өмірін сақтап қалуға арналған ұшақтардың өзі қауіпті жағдайда ұшып жүр. Бұл — медициналық қауіпсіздік пен авиациялық жауапкершілік тұрғысынан өте даулы жағдай», — деді депутат.
Депутат «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 4-бабын еске салып, онда адам өмірі мен денсаулығын қорғау, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттің мүдделерін сақтау — әуе саясатының басты мақсаты ретінде белгіленгенін айтты.
Оның пікірінше, ICAO стандарттарына сай келмейтін ескі ұшақтардың пайдаланылуын жалғастыру мемлекеттің халықаралық беделіне нұқсан келтіреді және Қазақстанның қауіпсіз авиация қағидаттарына адалдығына күмән тудырады.
Темір Қырықбаев елімізде пайдаланылып жүрген Як-40 ұшақтарына қатысты төрт нақты шара қабылдауды ұсынды:
Ескі Як-40 ұшақтарының пайдаланылуын толық тоқтату.
Олардың техникалық ресурсы таусылған және адам өміріне қауіп төндіреді.
2025 жылдың соңына дейін бұл ұшақтарды кезең-кезеңімен шығару кестесін бекіту.
Бұл процесс жүйелі және қауіпсіз түрде жүргізілуі тиіс.
Заманауи ұшақтармен алмастыру бағдарламасын әзірлеу.
ICAO талаптарына сәйкес келетін, экологиялық және техникалық жағынан сенімді жаңа әуе кемелерін сатып алу немесе лизингке алу қажет.
Депутаттың айтуынша, ескі ұшақтар тек қауіпсіздікке ғана емес, мемлекеттің халықаралық беделіне де кері әсерін тигізеді. Қазақстан авиация саласында соңғы жылдары ICAO мен EASA (Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі) талаптарына жақындауға ұмтылып отыр. Алайда 50 жыл бұрын жасалған ұшақтардың санитарлық рейстерге қатысуы бұл бағыттағы жетістіктерге күмән тудырады.
«Қазақстан – заманауи авиация инфрақұрылымын дамытқан ел. Бірақ авиация паркінде жарты ғасырлық ұшақтардың болуы қауіпсіздік қағидаттарына қайшы. Біз мұндай тәжірибені тоқтатып, жаңа буын әуе кемелеріне көшуіміз керек», — деді Темір Қырықбаев.
Депутат Темір Қырықбаев Көлік министрлігінен жыл соңына дейін нақты іс-шаралар жоспарын ұсынуды, Як-40 ұшақтарын кезеңдеп пайдаланудан шығаруды және аймақтық авиацияны жаңа техникамен қамтамасыз ету жөнінде бағдарлама қабылдауды сұрады.