TurkicSkills-2025: Маңғыстаулық педагог қазақтың ірімшігінен балмұздақ жасап шығарды

Автор: Бақыт Шынар

Ақтауда TurkicSkills-2025 халықаралық чемпионаты өтіп жатыр

Фото: gov.kz

Ақтауда өтіп жатқан TurkicSkills-2025 халықаралық чемпионаты аясындағы «Caspian» фестивалінде Маңғыстау туризм колледжінің өндірістік оқу шебері Нұрай Еламан ерекше ұлттық десерт ұсынды. Ол қазақтың дәстүрлі ірімшігінен дайындалған балмұздақты көпшілік назарына таныстырды, деп хабарлайды 

Ұлттық дәстүр мен заманауи аспаздық технологияны үйлестіре жасаған бұл өнім көрме қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Авторлық балмұздақ бүгінде сұранысқа ие өнімге айналып үлгерген.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымованың айтуынша, TurkicSkills чемпионаты техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі қатысушылар үшін үлкен мүмкіндік алаңы болып отыр.

«Қатысушылар өздерінің үздік жобалары мен жетістіктерін таныстырып қана қоймай, тәжірибе және білім алмасуға да бірегей мүмкіндік алды», – деді ол.

Көрме аясында Маңғыстау өңірінің гастрономиялық ерекшеліктері де кеңінен ұсынылды. Қонақтар шұбаттан дайындалған коктейль, жантақ шайы, талқаннан жасалған макарон, құрт пен шоколад үйлесімі, жент қосылған тәттілер, түйе сүтінен жасалған балмұздақ және сары қант сияқты ұлттық тағамдардың заманауи түрлерімен танысты. Сондай-ақ, туризм саласындағы студенттердің стартап жобалары да көрмеде көрсетілді.

Айта кетейік, TurkicSkills-2025 чемпионаты Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылған. Чемпионатқа 16–22 жас аралығындағы 70-ке жуық студент пен жас маман, сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 90-ға жуық сарапшы қатысуда.

Іс-шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған. Жобаны жүзеге асырушылар – «Talap» КЕАҚ және Маңғыстау облысы әкімдігі.